Basty bet
Азаматтардың сұрағына ашық жауап берілді
Заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сол арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі алдымызда тұрған маңызды міндет. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін мұның барлығын сақтау негізгі міндеттердің бірі десек, артық айтпаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Ал «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген Президенттің парасатты пайымы мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және қоғамда заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек те болады.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облыстық прокуратурасымен 2025 жылдың 23-27 маусымы аралығында облыстың көлемінде азаматтарды қоғамдық қабылдауға бағытталған апталық акция ұйымдастырылды.
Айта кету керек, акция барысында облыстың және ауданның құқық қорғау, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органның қызметкерлері өңір тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау, олардың мәселесін шешу, сондай-ақ қоғамда заңдылық пен құқық тәртібін нығайту болып табылады.
Заң мен тәртіпті сақтау, сол арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, өңір тұрғындарына құқықтық және заңгерлік кеңес беруге арналған акция ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында ұйымдастырылды. Акцияның ашылуында аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков сөз алып, жиналған азаматтарды Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетудің негізгі мақсат-міндеттерімен таныстырды.
– Құрметті аудан тұрғындары және жиналған қауым! Бүгін ауданда «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында облыс прокуратурасымен азаматтарды қабылдау акциясы ұйымдастырылуда. Бұл шараның басты мақсаты – халықтың көкейінде жүрген мәселелерді ашық тыңдау және тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтуға жол ашу болып табылады.
Акцияның барысында өтінішпен қайырылған әрбір азаматтың өтініш-тілегі мұқият қаралып, уәкілетті органдармен тиісті заң шеңберінде әділ шешім қабылданады,- деп атап өтті аудан прокуроры.
Құқықтық жиынның барысында кеңес беруге облыс прокуратурасының өкілдерімен қатар, облыстық білім, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, денсаулық сақтау басқармалары, сонымен қатар, аудандық әкімдікке қарасты бөлімнің басшылары қатысты.
«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында ұйымдастырылған акция өңір тұрғындары үшін пайдалы болғанын атап өткен жөн.