Basty bet
Зейнеткер ауласында көкнәр өсірген
Жуалы аудандық сотымен ҚК-ің 300-б. 2-б. 3 т., (Құрамында есiрткi заттар бар өсiмдiктердi ірі мөлшерде заңсыз егіп-өсіру) бойынша Т.-ке қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталушы Т-ің айтуынша, өзіне тиесілі қойманы жинап жүріп, матаға бүктеулі тұрған кішкентай құтыны тауып, ішінен белгісіз өсімдіктің бірнеше дәндерін көрген.
Қызығушылықтың әсерінен зейнеткер өзінің шарбағынан жер аударып, үш түпке бөліп дәндерді егіп күнделікті суғарып жүріп, жерден жарып шыққан өсімдіктің есірткі зат – көкнәр болып шыққан. Өсімдіктің есірткіге жататынын біле тұра, өсіруді одан әрі жалғастырып оны баптап, күнделікті суғарып жүрген.
Полиция қызметкерлерінің тінтуінің нәтижесінде сотталушының үйінің ауласынан 560,0 гр. құрайтын 9 дана ұйықтататын көкнәр есірткі заты өсімдігі анықталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Аталған қылмыс «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» санатына жатады, оның санкциясында үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тараптардың позициясы
Прокурор қылмыстың жиынтығы бойынша сотталушы Т.-ке 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы Т. өзінің кінәсын толық мойындап шын жүректен өкінетінін көрсетті.
Кінәлары іс бойынша жиналған дәлелдер мен сотталушының айғақтарымен дәлелденді.
Сот шешімі
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайын анықтамады, жазаны жеңілдететін мән-жайды сот сотталушының зейнеткерлігі мен кінәні толық мойындап өкінгендігін ескерді.
Сот үкімімен, сотталушыға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ҚР ҚК-нің 63 бабы қолданылым жазасы шартты деп саналды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»