Basty bet
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы
1 тамыздан бастап Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бұл он жылда бір рет өткізілетін маңызды мемлекеттік шара ғана емес, сонымен қатар халықаралық маңызы бар науқан. Бұл санақ тек деректерді жинау емес – ол еліміздегі ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын, оның қалай дамып келе жатқанын, ондағы халықтың тұрмысын көрсетеді.
Санақ БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жүзеге асырып отырған 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Биылғы жылы мұндай санақ Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және өзге де ондаған елде жүргізіледі. Бұл – Қазақстанда өткізіліп жатқан санақтың әдістемесі мен принциптері халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін білдіреді. ФАО санақ жүргізуде цифрлық технологиялардың енгізілуіне ерекше мән береді, бұл елдерге шығындарды азайтып, мәліметтерді өңдеу үдерісін жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – онлайн форматта, ол 1-31 тамыз аралығында жүргізіледі. Онлайн-формат sanaq.gov.kz сайтында өтеді, бұл интервьюерлерді күтпей-ақ уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, мәліметтерді жылдамырақ жинауға және өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл қыркүйекте үй-үйді аралайтын мамандарға түсетін жүктемені азайтады. Біз осы жерде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары санақтан онлайн өтуі тиіс екенін ерекше атап өткіміз келеді.
Біз осы жерде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары санақтан онлайн өтуі тиіс екенін ерекше атап өткіміз келеді. Жалпы алғанда, мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнын, сондай-ақ 33 мыңнан астам шаруа және фермер қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлерді қамту жоспарланып отыр.
28 шілдеден бастап оларға sanaq.gov.kz порталында санақтан өту туралы 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар жіберіле бастады.
Сондай-ақ біз салалық бірлестіктермен – астық, сүт, ет және өзге де қауымдастықтармен ынтымақтастық орнатып отырмыз. Бұл – елдегі ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері шоғырланған бірлестіктер. Олар санақ нәтижелерін алуға мүдделі әрі бізге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Алайда елде ауыл шаруашылығымен айналысатын ұсақ шаруа және фермер қожалықтары өте көп. Сондықтан біз үшін осы санаттағы респонденттерді де барынша кең көлемде қамту аса маңызды.
Sanaq.gov.kz сайтында сауалнамадан өту мүмкіндігі 1 тамыз күні сағат 00:00-де іске қосылады. Сауалнама сұрақтарына жауап беру үшін ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы авторизациядан өтуі қажет.
Бұл ретте, барлық респонденттерге мұқияттылық танытуды сұраймыз. Тіркелу кезінде растау коды көрсетілген электрондық поштаға немесе телефонға бірден жіберіледі. Бюро қызметкерлері қоңырау шалмайды және ешқашан төрт таңбалы растау кодын сұрамайды.
Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы болады:
біреуі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған,
екіншісі – бақша, жер телімі немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сұрақтар жерді пайдалану, қолда бар техника, мал ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен өткізу, еңбек жағдайларына қатысты болады.
Сайтта сауалнаманы толтыруға көмектесетін көмекші ақпарат, бейненұсқаулық болады. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істеп, сұрақтарға жедел жауап беретін SANAQ мырза чат-боты бар.
Онлайн санақтың басты артықшылықтарының бірі – деректерді сақтау мүмкіндігі. Егер сауалнаманы толтыра бастап, аяқтай алмасаңыз, кез келген уақытта қайта кіріп, қалған жерінен жалғастыруға болады.
Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер ауылдық округ әкімдіктері мен аудандық статистика басқармаларындағы өзін-өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Жамбыл облысы бойынша барлығы санақтан өтетін 165 орын қамтамасыз етілген. Бұл пункттерде санақтан өту үшін жабдықталған орындар және сұрақтар туындаған кезде консультациялық көмек көрсетеді.
Сауалнамаларда көрсетілген барлық ақпарат қатаң құпия сақталатындығын ерекше атап өткім келеді. Ол салық, полиция немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Барлық деректер «Мемлекеттік статистика» Заңымен қорғалған және тек жиынтық түрде, елдің аграрлық секторындағы жағдайды талдау үшін пайдаланылады. Әрбір санақта жұмыс жасайтын интервьюер құпиялылықты сақтауға міндеттеледі, ал деректерді сақтау жүйелері ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толықтай сай келеді.
Тамыз айы бойы 1446 бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Онда ауыл шаруашылығы санағы бойынша арнайы желі қарастырылған. Мамандар тіркеуден өту, техникалық ақаулар немесе сұрақтардың мазмұны бойынша кез келген сұрақтарға жауап береді.
Онлайн санақтан өтпеген үй шаруашылықтарын 20 қыркүйектен бастап интервьюерлер аралайды. Алайда егер олар сауалнамадан онлайн форматта тамыз айында өтіп қойған жағдайда, оларды ешкім мазаламайды.
Сондай-ақ, 20 қыркүйекте басталатын офлайн кезең үшін ауылдық жерлерде интервьюерлерді жұмысқа қабылдау жүріп жатқанын ескертеміз. Жұмысқа орналасқысы келетіндер 1446 нөміріне немесе аудандық статистика басқармасына хабарласа алады.
Санақтың нәтижелері кезең-кезеңмен жарияланады. Алғашқы мәліметтер осы жылдың желтоқсанында, ал қорытынды 2026 жылы ұсынылады.
Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылығы иелерін санаққа қатысуға шақырамыз. Осы арқылы сіз елдегі ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ете аласыз. Сіздің жауаптарыңыз субсидиялардың бөлінуіне, сақтау қоймаларының салынуы сияқты маңызды шаралардың қолданылуына әсер етеді.
Барлық ірі кәсіпорын өкілдері, фермерлер және шаруашылық иелері ауыл шаруашылығы санағына белсене қатысса дейміз. Санақтан sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн түрде өтіңіздер. Бұл көп уақытыңызды алмайды, бірақ бүкіл аграрлық саланың дамуына үлкен үлес қосады.
Сырым Өскенбайұлы,
Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы