Basty bet

Ауыл көркін сақтау – тұрғындардың ортақ міндеті

2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспарына сәйкес елді мекендерде абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Аудан әкімінің 2026 жылғы 25 ақпандағы №36 қаулысына сәйкес, «Көктемгі көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу туралы» іс-шаралар жоспары бекітіліп, аудан көлемінде және барлық ауылдық округте әр аптаның жұма, сенбі күндері бөлімдер мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында аудан бойынша бүгінгі күнге дейін жалпы – 540 тонна қоқыс қалдықтары шығарылған.
Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары да аталған акция аясында табиғатты қорғау бағытында белсенді жұмыс атқаруда. Бұл игі бастама қоршаған ортаны таза ұстап, туған жердің көркеюіне үлес қосуға бағытталған маңызды шаралардың бірі екені анық.
Акция барысында ауыл тұрғындары, жастар мен еріктілер бірігіп, көшелерді қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, арық-атыздар ретке келтіріліп, ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру мақсатында түрлі тәрбиелік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылды.
Көктемгі көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары аяқталғанымен, аудан тазалығы әлі де жіті қадағалауды қажет етеді. Осыған орай Б.Момышұлы ауылындағы бірқатар орындардың жай-күйіне қайта шолу жасалды. Жалпы, екі ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарылып, аудан орталығы жасыл желекке оранып, біршама тазартылғаны байқалады.
Алайда аудан орталығына кіреберісте орналасқан «Жастар аллеясының» қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Кезінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған бұл саябақ күтімді қажет етеді. Саябақ аумағын шөп басып, шырша ағаштарының бірқатары қураған. Балалар ойын алаңшалары мен әткеншектері де әбден тозған.
Сонымен қатар, «Жасай бер, Қазақстан!» саябағының ішінде малдардың жайылып жүруі де көзге оғаш көрінеді. «Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, ауданға кіреберіс аумақтың тазалығы мен көркіне ерекше мән берілуі тиіс емес пе?!
Сондықтан «Жастар аллеясында» тазалық және қалпына келтіру жұмыстарын қайта қолға алу қажет деп санаймыз. Өйткені, таза әрі көрікті саябақ аудан тұрғындары мен қонақтарының кешкі серуеніне қолайлы орта қалыптастырады. Балалар да осында алаңсыз ойнап, тұрғындардың демалыс мәдениеті де едәуір арта түсер еді.
Кейде бізге:«Неліктен біз саябақтарды көркейткеннің орнына, олардың тозуына жол береміз? Неге қоғамдық орындарды ұқыпты ұстамаймыз?» деген ой келеді. Туған ауылымызға өзіміз жанашырлық танытпасақ, оны өзгеден күту артық. Ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Тазалық пен абаттандыру шараларын жыл бойы үздіксіз жалғастыру бұдан да маңызды.
Біздің аудан – табиғаты көркем, тарихи орындарға да бай өңір. Осындай әсем аймақтың тазалығын сақтау – әрбір тұрғынның азаматтық борышы, әрі ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы осы жауапкершілікті арттырып, халықты бірлікке үндейді.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Табиғатты қорғау бір күндік науқан емес, ол – тұрақты түрде жүргізілетін маңызды жұмыс. Сондықтан, әрбір азамат өз ауласынан бастап тазалық сақтауға үлес қосуы қажет.
Қоршаған ортаны қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. «Таза Қазақстан» акциясы арқылы Жуалы жұртшылығы туған жерге деген сүйіспеншілігін нақты іспен дәлелдеп келеді. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тапса игі…

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close