Basty bet
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – заман талабы
Елдің даму жағдайында білім беру саласының алатын орны зор. Білімді маман ғана елдің болашағын жарқын ете алады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауының жетінші бағдары «Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді» деп аталуы да жайдан жай емес. Мұның ішінде білім саласын жаңа заманға сай дамыту міндеті туралы кеңінен айтылған. Бұл ел экономикасының дамуында өте маңызды рөл атқарады.
«Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс. Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс.
Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп атап көрсетілген бас құжатта.
Білім – шырақ. Білім – елдің келешегі. Білімді ұрпақ қана елді алға бастырады. Міне, Президент осынау маңызды міндетті іске асыруды ел ұстаздарының алдына негізгі межелі міндет ретінде қойып отыр. Білім саласын дамытуда оқу пәндерінің алатын орны ерекше. Мектеп оқушылары білімді оқу пәндері арқылы алады. Осы орайда ағылшынның атақты суретшісі Бэконның: «Бiз тарихтан кемеңгерлiктi, поэзиядан – шешендiктi, математикадан – зеректiктi, жаратылыс ғылымдарынан – тереңдiктi, адамгершiлiк философиясынан – байыптылықты, логика мен көсемсөзден – айтысу дағдысын үйренемiз», деген қанатты сөз ойға оралады. Пәннің қоғамдағы маңызын айшықтаған осынау қанатты сөздің тапқырлықпен айтылғанына тәнті болдым.
«Өрлеу» БАҰО-ның жұмыс жоспарына сәйкес, Жамбыл облысының Жуалы ауданы бойынша математика пәні мұғалімдерінің басын қосып, көшпелі курс өткізгенде алғашқы күнгі дәрісті осы қанатты сөзбен сабақтай бастадым. Иә, дамыған қоғам үшін білімді игеру зеректіктен бастау алатыны белгілі. Ауыл мектебінің мұғалімдеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан мұғалімдермен дидарласып, математика пәні бойынша алғашқы күннен келелі мәселелерді сұрастырып, тәжірибелерінің жаңа қырынан толысуына септігімді тигізуді басты мақсат еткенімді жеткізгім келеді.
Курс барысында тыңдаушылар Халықаралық PISA және Қазақстандық ББЖМ зерттеулердің тапсырмаларына талдау жүргізе отырып, ұқсас тапсырмаларды құрастыруда. Осындай жүйелі зерттеулердің негізінде дидактикалық ойындар арқылы математикалық сауаттылықты оқытудың белсенді және интербелсенді әдістерді қолданудың тиімділігін бағалауда, материалдарды визуализациялау мен оқытуға ынталандыру үшін цифрлық құралдар мен жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданылуда. Тыңдаушылар берілген тапсырманы жеке орындап, жұппен бөлісумен бірге, топта талқылауға жұдырықтай жұмылды. Математикалық есептерді шешудің ортақ әдістері мен айырмашылықтарын анықтап, өз тәжірибесімен салыстыруда жуалылық ұстаздардың белсенділігімен көрінгенін баса айтқан жөн.
Аудан педагогтары курстан алған білімдерін күнделікті өз тәжірибесінде жүзеге асыру үшін, курс барысында алған білімдерін практикада қолдануды жоспарлап, тапсырмаларын енгізіп, өздерінің білім, білігін жетілдіруге ынталы екенін көрсетті. Іс-тәжірибелерін әріптестерімен бөлісуде ерекше ынта-ықылас танытқан математика пәні мұғалімдерінің жаңашылдыққа, әдістемелік білімге деген қызығушылығы курстың қызықты да тартымды өтілуіне сеп болғандай…
Парида КАРКАБАЕВА,
«Жамбыл-Өрлеу» Кәсіби дамыту институтының тренері