Basty bet

Бала қауіпсіздігі басты назарда болады

Заман көші алға озған сайын жасөспірімдер тарапынан заң бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар айрықша маңызға ие болуда. Жақында ғана Тараз қаласындағы орта мектептердің бірінің ауласында орналасқан дәретханада кәмелетке толмаған қызды маскүнем есебінде тұрған, бұрын сотты болған қылмыскердің аса қатыгездікпен зорлап, аса ауыр қылмыс жасауы бүкіл қоғамды дүр сілкіндіргені мәлім. Осы оқиғадан кейін іле-шала бала тәрбиесіне жауапты бірқатар лауазымды шенеуніктер орнынан босатылды.

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мақсат Ережепов осы мәселеге байланысты тұрғындармен және ата-аналармен жедел жиын өткізді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, ауылдық округтер әкімдері, қызметі бала тәрбиесіне қатысты мекемелер мен ұйымдар басшылары шақырылды. Сондай-ақ, жиында аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, Қамқоршылық кеңес мүшелері мен мектеп инспекторлары болды. Айта кету керек, осындай жиналыстарды облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласындағы полиция бөлімдерінің басшылары бір мезгілде өткізді.
Іс-шараны ашып, жүргізген аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, жиынның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ жұртшылық өкілдерінің балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, түйткілді мәселелерді ақылдаса отырып, шешімін табу болды.
Келесі кезекте сөз алған аудандық полиция бөлімінің бастығы Мақсат Ережепов полиция қызметкерлерінің аталған бағыттарда атқарып жатқан тынымсыз жұмыстардың барысын баяндап өтті. Сондай-ақ, мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту үшін бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Олар – мектеп ғимараттарына бөгде адамдардың кірмеуін қамтамасыз ету, елді мекендерде білім ошақтарының жанындағы иесіз бос үйлердің иелерін анықтау, ата-аналар жиналыстарын ұдайы түрде ұйымдастыру, мектепке келер жолдарының сызбасын жасап, кезекшілік ұйымдастыру, сабақ уақытында оқушылардың себепсіз жүруін қатаң бақылауға алу, сабақ болмаған жағдайда ата-аналарға оқушының ерте кеткені туралы міндетті түрде хабарлау.
Мақсат Ережепов өз сөзінде «Біз тәртіптік шаралармен шектелмей, балалар құқықтарын болашақта толығымен қорғау, оларға қатысты кез келген құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жолын кесу, сонымен қатар, сынып сағаттарында сұранған оқушылардың келуін бақылауға алу, бейнекамераларға жауапты қызметкерлерді отырғызу, үзіліс кезінде, мектеп ауласын бірге отырып қарап шығу мәселесін алға қоюымыз керек. Көптеген іс-шаралар жүргізілуде, алайда атқарып жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, жасөспірімдермен және оларға қарсы жасалған қылмыс деректері өсуде» дей келе, облыс аумағында орын алған, аталып отырған мәселеге қатысты қылмыстар статистикасына қысқаша тоқталып өтті.
Аудандық полиция бөлімі бастығының айтуына қарағанда, ағымдағы жылдың 10 айы қорытындысымен кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны 10,3 %, (116-дан 128) дерекке дейін өскен. Ол осы ретте жасөспірімдер жасаған қылмыстарды зерделеу барысында қандай да бір нақты отбасының материалдық жеткілікті жағына байланысты болмауда. Жасалған жалпы 128 қылмыс дерегімен жауапқа тартылған 153 жасөспірімнің, 34-і толық емес, ал 116-сы толық отбасында, екеуі балалар үйінің тәрбиеленушісі болса, біреуі қамқоршының тәрбиеленуіндегі балалар болып шыққан. Зерделеу жасай келгенде, профилактикалық есепте тұратындар мен жайсыз отбасында тәрбиеленуші балалар қылмыс деректері орын алмаған, керісінше, қылмыстарды әлеуметтік жағдайы орташа 102, жағдайы жақсы 51 отбасының балалары жасаған. Ал біздің аудан көлемінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандар тарапынан төрт қылмыс дерегі орын алса, оның барлығын толық және әлеуметтік жағдайы орташа отбасынан шыққан, колледж және мектеп балалары жасаған.
«Полиция тарапынан кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алайда, бұл мәселеде, тек полицияның қызметі жеткіліксіз. Балалардың бос уақытын қалай өткізуі, мектепке келмеген жағдайда не істейтіні, ғаламтор желілерінде қандай ақпараттарды қарайтыны, кіммен араласатыны туралы, біріншіден, оның ата-аналары, ұстаздары үнемі назарда ұстауы керек. Сондықтан, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық тиісті тұлғаларды жауапкершілікпен қарап, полициямен бірлесе жұмыс істеуге шақырамын»,- деді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мақсат Мұратбекұлы.
Жиында аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов ауданның білім мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралардың барысы туралы баяндады.
Шара барысында ата-аналар тарапынан да көптеген сауалдар қойылды. Мәселен, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Жарқынай Қойтанова өзі тұратын көшенің жанындағы сай жағасында белгісіз адамдар жиналып, арақ ішетінін, оларды қадағалап жүрген полиция қызметкерлерінің жоқ екенін, сондай-ақ, сайдың екі қабағы мен көпір маңын жарықтандыру керектігін айтса, аудандық АХАЖ бөлімінің бас маманы Динара Қалдыбекова полиция органдарының құжатсыз жүрген азаматтарды құжаттандыру мәселесінде кездесетін қиындықтарды шешуге қолғабысын тигізсе деген ұсынысын жеткізді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close