Basty bet

Білім мен біліктілік сынға түсті

Жақында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен №16 Жуалы колледжінде «Парасат жолы – адалдық жолы» атты жас мамандар арасында интеллектуалды сайыс өтті. Бұл сайыс жастарды адалдыққа, әділдікке және парасаттылыққа баулуды көздеді.
Сайысқа ауданға қарасты Ақтөбе, Шақпақ, Күреңбел, Көкбастау, Қызыларық, Нұрлыкент, Қарасаз, Ақсай және Жетітөбе ауылдық округтерінен және бірнеше білім беру ұйымынан құралған 16 команда қатысып, өз білімдерін сынға салды. Әр командада үш қатысушы болды. Осылайша жарысқа барлығы 50-ге жуық жас маман қатысты.
Ойын сегіз кезеңнен тұрды, яғни, логика, суретпен жұмыс, кино мен музыка, тарих, заңнама және адамгершілікке қатысты сұрақтар. Әр кезеңде командалар өз білімдері мен біліктілігін көрсетті.
Сайыстың қорытындысында І орынды Жетітөбе ауылдық округінің «Жетітөбе жастары» командасы жеңіп алса, ІІ орынды Мыңбұлақ ауылдық округінен «Қыран» командасы иеленді. Ал ІІІ орын екі командаға, яғни, №16 Жуалы колледжінің «Интеллект импульсі» және Ақтөбе ауылдық округінің «Ақтөбе жастары» командаларына берілді. Жеңімпаздарға жастар ресурстық орталығының Дипломдары мен сыйлық табыс етілді.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close