Basty bet

Ауыл шаруашылығы саласының майталмандары марапатталды

Жуалы ауданы негізінен ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған аграрлы өңір саналады. Осы ретте киелі Әулиеата жерінде шөбі шүйгін, мал мен жанға жайлы құйқалы аудан саналатын Жуалының ауыл шаруашылығы саласының дамуына Қошқарата ауылдық округінің шаруалары да сүбелі үлес қосып келеді. Алдыңғы жылы ақ егіс бойынша ауылдық округтің шаруалары егілген алқаптардан әр гектарына 40 центнерге дейін өнім алғанын аудандық «Жаңа өмір» газетінің тілшілері сүйіншілеген болатын. Әр жылдың адамзатқа берер өз несібесі болатыны сияқты, биылғы жылы да қошқараталық ағайын жылдағы әдетімен тынымсыз еңбек етіп, бидай, арпа егілген егістік алқаптарынан орташа өнімге қол жеткізді. Округте барлығы 102 шаруа қожалығы бар. Егілген егін туралы айтсам, округ шаруалары биылғы жылдың өнімі үшін 1045 гектар алқапқа күздік бидай егіп, оның әр гектарынан 26 центнерден өнім алынды. Ал арпа дақылының көлемі 2100 гектарды құрап, одан да тиісінше, гектарынан 24,5 центнерден өнім жиналды. Мақсары 1785 гектарға егіліп, аталған дақылдан алынған өнім көлемі әр гектарына 8,5 центнерді құрады. Ал жоңышқалық алқап көлемі 2320 гектар.

«Балапанды күзде санайды» демекші, жылдағы дәстүр бойынша елімізде қараша айының соңында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесімен аталып өтіледі. Осыған орай аталған мерекені биылғы жылы біздің ауылдық округте де атап өттік. Қошқарата ауылдық мәдениет үйінде Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға шаруа қожалық басшыларымен қатар Кеңес Одағы тұсында, одан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан азаматтар шақырылды.
Жиында алғаш болып Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев сөз сөйлеп, ауыл еңбеккерлерінің ел дамуына қосып отырған үлесінің зор екенін айтып, сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласының бейнетті де тәуекелді сала екенін жеткізіп, ауыл тұрғындарының ынтымағы жарасып, еткен еңбектерінің берекелі болуына шын жүректен тілектестігін білдірді. Сонымен қатар облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасынан да тұрғындарды хабардар етті.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатта ауылдық оуруг әкімі Ж.Мырзалиев бірқатар шаруа қожалық басшыларын, кәсіпкерлерді, еңбек ардагерлерін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың және округ әкімінің Алғысхаттарымен марапаттады. Марапатталған азаматтарға естелік сыйлықтар тапсырылды. Ауыл еңбеккерлерінің арасынан ардагер механизатор Құттыбай Қошатай сөз алып, ол жиналғандарды мерекемен құттықтап, округ әкімшілігіне алғыс білдірді. Одан бөлек, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Рәт Бердалиев, ауыл тұрғыны Жорабек Шыршықбаев сөйлеп, мерекеге орай ізгі тілектерін білдірді.
Руслан Назарбеков,
Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы

 

Таңдаулы материалдар

Close