Basty bet
Ел тәуелсіздігі баянды болғай!
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың құттықтауы
Қымбатты жуалылықтар!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды халқымыздың арман асқары, бақыттың бастауы болған ұлы мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір елдің жылнамасында және оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылдың 16 желтоқсанында атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» деп аталатын жаңа жұлдыз жарқырай туды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өткені белгілі. Биылғы жылы рухы асқақ, тұғыры биік төл тәуелсіздігімізге 28 жыл толып отыр. Расында да тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады. «Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығы бар. Десе де, біз елу емес небәрі ширек ғасыр бедерінде қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал біреулері мүлдем мақұрым кететін тарихи жолды Қазақ елі бар болғаны ширек ғасырға жетпей жүріп өтті. Ол да болса елдің бағына біткен кемеңгер басшы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының, сонымен бірге кешегі бабалар ерлігінің рухына суарылған асыл қасиетіміз бен ертеңгі ұрпағына жол салған бүгінгі замандастарымыздың, сіздер мен біздердің еселі еңбектеріміздің арқасы.
Мемлекет қазынасы жыл өткен сайын артып келеді. Оның ішінде Жуалы ауданының бюджеті Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда барынша еселеп артты. Бұл өз кезегінде, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын көтеруге қолайлы жағдайлар туғызуда. Білім саласын алып қарасақ, соңғы он жылдың бедерінде 7 мектеп, 13 балабақша, оның ішінде аудан орталығында 280 орындық «Аягүл» бөбекжай-балабақшасының құрылысы жаңадан жүргізілді. Сонымен бірге 1 шағын орталық, Аула клубы және Аула клубының филиалы, 5 жекеменшік балабақша, 1 Өнер мектебі ашылып, тұрғындар игілігіне берілді.
«Басты байлық – денсаулық» дейтін болсақ, бесжылдықтың көлемінде барлығы 15 денсаулық сақтау нысаны жаңадан ашылды. Мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Бірқатар ауылдардан мәдени ошақтар ашылып, қалғандары ағымды және күрделі жөндеуден өтті. Жыл басында қасиетті Жуалы жерінің түлегі Қанат Мырзахан «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін иеленді. Кітапханалар жүйесінде осы күнге дейін 9 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылса, үшеуі Жаңа жылдың қарсаңында ашылмақшы. Жұлдызы биік Жуалы ауданының еңбеккерлері биылғы жылы да қажырлы еңбек етті. Осы ретте біз ағымдағы жылды толымды табыстармен аяқтауды көздеп отырмыз.
Мәселен, биылғы жылы ауданның сегіз бірдей ауылында денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп, сонымен бірге көпбалалы отбасыларға 7 үй сыйға тартылды, 4 ауылдан жаңа тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімдері берілді. Сонымен бірге, Қарабастау ауылындағы Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте қосымша спорт зал соғылып, Қарасаз ауылының тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Тәуелсіз Қазақстан Мәңгілік ел болуға біржолата бет бұрды. Тәуелсіздік күні баршамыз үшін, жуалылықтар мен әлемнің барлық қиырындағы достарымыз бен қандастарымыз үшін ұлы мереке. Тәуелсіздік жылдарында біздің ауданда да қыруар тірліктер қолға алынып, атқарылды. Биылғы жылы біз Тәуелсіздік күнін жарқын жетістіктермен қарсы алғалы отырмыз. Себебі, аграрлы ауданның ауыл шаруашылығы саласында диқандар ел ырысын еселеп, айтарлықтай табысқа қол жеткізді.
Құрметті қауым!
Жас ғасыр жаңа заманда қайта түлеген, жасарып, түрленген еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болсын. Баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!