Basty bet

Межелі міндеттер сапалы орындалуымен маңызды

жыл қорытындысына арналған жиында мемлекеттік қызметшілерге марапат табысталды

Жылан жылының соңғы күні аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында жыл қорытындысына арналған жиын ұйымдастырылды. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен және аудан әкімдігіне бағынысты бөлімдер мен ауылдық округтің әкімдері, сонымен қатар, мекеме басшыларының қатысуымен өткен жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар мемлекеттік қызметші Алғысхатпен марапатталды.

– Өтіп бара жатқан 2025 жыл ел өмірінде елеулі өзгерістермен және өрелі істермен халықтың есінде қалатыны анық. Жылан жылы елдің қоғамдық-саяси өмірінде атап айтарлықтай жаңалықтар, атаулы даталар көп болды. Енді, міне, 2025 жылды қорытындылап, 2026 жылға ақ ниетпен қадам басқан тұста Сіздермен жүздесіп, Жаңа жыл мерекесімен құттықтауды жөн санадым.
Әлбетте, өткен жылға өкпе жоқ. Жаңа жылдан жақсы жаңалық пен толағай табыс күтетініміз заңды құбылыс. Ең бастысы – Тәуелсіз еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Жылқы жылында да барлығымыз күш біріктіріп, елдің игілігін еселеу, аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында шаршамай, талмай еңбек ете беретінімізге кәміл сенемін.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, 2025 жылы даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуы республика көлемінде кеңінен атап өтіліп, Батырдың туған күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі үшін Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағының берілуі – тарихи маңызы зор қуанышты оқиғаның бірі ретінде Жылан жылының жылнамасына алтын әріппен жазылғаны анық. Бұл жылы қасиетті Жуалы өңірінен түлеп ұшқан генералдар санының 14-ке жетуі – үлкен мәртебе. Жаңа жылдың қарсаңында ауданға қарасты Билікөл ауылдық округінде табиғи газдың алауы тұтанып, Жуалы ауданы облыстың көлемінде көгілдір отынмен толықтай қамтылған өңірлердің қатарынан орын алып отыр.
Жылан жылы аудан дамуының барлық саласында дерлік ілгерілеу байқалды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқанын да атап өткен жөн. Тұрғындардың әл-ауқаты мен тұрмыстық табысы да жыл санап артып келеді. Елдің игілігіне бағытталған осынау игі істердің барлығында мемлекеттік қызметшілердің қолтаңбасы бар. Алайда, қол жеткізген жетістікке тоқмейілсімей, 2026 жылы да барлығымыз ауызбіршілікпен қызмет атқарып, толағай табыстарға қол жеткізуге тиіспіз.
2026 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес, межеленген нақты міндеттерді барынша сапалы орындауға күш салуымыз қажет. Бұл – өте маңызды.
Құрметті әріптестер! Жылқы жылы елімізге жақсылық әкелсін. Еңбекте жемісті, өмірде табысты болыңыздар. Отбасы аман, әрбір шаңырақта шаттық пен қуаныштың лебі сезіліп, мерекелі сәттердің көп болуына шын жүректен тілектеспін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Жыл қорытындысына арналған жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза өз ісінде табысқа жеткен бірқатар үлгілі мемлекеттік қызметшілерге марапат табыстады. Жастарды Отан қорғауға тәрбиелеуге атсалысып, ел Тәуелсіздігіне қосқан ерен еңбегі үшін Жетітөбе ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Б.Сүлейманов «Бауыржан Момышұлы» Намыс төсбелгісіне және Жамбыл облысы әкімінің Алғысхатына ие болды. Сондай-ақ, бірқатар саланың мамандары облыстың және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен белсенді қызметі үшін Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен, сондай-ақ, Жуалы ауданы әкімінің Алғысхатымен марапатталды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close