Basty bet

Аудан орталығындағы субұрқақтар неге жұмыс істемейді?

немесе демалыс орталықтары санитарлық талапқа сай ма?

Оқушыларымыздан сабағын жақсы оқуын талап етуін талап етеміз-ау, ал олар оқуын аяқтап, жазғы демалысқа шыққанда біз олардың жазғы демалыстарын, келесі жылға жақсы серпіліспен баруы үшін, бос уақыттарын ата-ана ретінде жақсы ұйымдастыра алып жүрміз бе? Одан бөлек аудан орталығында серуендеуге арналған саябақтардағы субұрқақтар біраз жылдан бері жұмыс істемей келеді.

Осы мақсатта ауыл тұрғындарының өтініштеріне сәйкес, субұрқақтардың жұмысы туралы олардың өзімен де ой бөліскен болатынбыз.
Мысалы, ауыл тұрғыны, Айгерім Қасымғалиға «Балаларыңызды қай жерге алып барасыз? Балаңыз жазғы уақытта қай жерде демалады?», деген сұрақ қойылды. Айгерім Серікқызы «қызымды аудан орталығындағы «Жуалы Resort» және Теріс аймағындағы «Теріс-Ащыбұлақ» демалыс орталықтарына екі айда бір рет, сондай-ақ кешкі уақыттарда бір мезгіл саябақтарға серуендеп, бірге суретке түсеміз. Егер аудан орталығындағы субұрқақтары жұмыс істейтін болса, осындай күннің ыстығында бір мезгіл сонда барар едік»,- дейді ол.
Ата-аналар балаларымен жиі баратын, субұрқақтары мен «Жуалы Resort-тың» жағдайы қандай? Санитарлық талаптарға сай ма? Қазіргі уақытта қалай жұмыс жасауда деген сауалдарымен бірінші кезекте аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен сөйлескен едік.
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы Райхан Қаратайқызымен сөйлестік.
Райхан Исаханова: «Бассейн үй-жайларының құрамына: киім ілетін орны бар вестибюль, ерлер мен әйелдерге арналған шешіну-киіну орындары, себезгі бөлмелері, санитариялық тораптар, ваннасы бар зал, персоналға арналған тұрмыстық үй-жайлар, спорт жабдықтарын сақтауға арналған қоймалар, жинау жабдықтарын, жуу және дезинфекциялау құралдарын сақтауға арналған қоймалар, әкімшілік үй-жайлар, медициналық персоналға арналған кабинет кіреді. Ал бассейн ванналарының көлемі бассейнге келуші ересектер үшін бір адамға шаққанда кемінде бес шаршы метр, балалар үшін кемінде төрт шаршы метр болуы тиіс. Сондай-ақ, бассейндерде рециркуляциялық немесе су ауыстырудың ағынды жүйесі қолданылады немесе бір мезетте бассейнді дезинфекциялай отырып, күнтізбелік жеті күнде кемінде бір рет судың толық ауыстырылуы қамтамасыз етіледі. Теңіз суымен толтырылған бассейндерде рециркуляциялық жүйені пайдалануға жол берілмейді»,- дейді ол.
Ал бұл айтылғандар мемлекетпен бекітілген талаптар жеке демалыс орындарында шын мәнінде орындалуда ма деген мақсатпен өткен аптаның жұмасы күні «Жуалы Resort-ке» бардық.
Аудан оталығындағы жеке кәсіпкерге тиесілі – «Жуалы Resort» демалыс орнының иесі Ғани Үлековтың айтуынша, орталыққа күніне шамамен 150-ге жуық адам келіп демалатын көрінеді. Оның ішінде, әрине мектеп оқушылары мен ересектердің тобы үлкендерге қарағанда әлдеқайда көбірек.
-Қазіргі таңда орталықта екі бассейн жұмыс істейді. Біреуі – балаларға арналған, тереңдігі 60 сантиметр, көлемі 10х5 метрді құрайды. Ал ересектерге арналған бассейннің көлемі 25х14м, тереңдігі 1,60 метр. Бассейннің суы аптасына бір рет толық ауыстырылады. Күніге кешкісін адамдар қайтқан соң бір мезгіл хлорлап аламыз. Яғни санитарлық талаптарға сай жұмыс жасаймыз деп айта аламыз.
Жазатайым бір жағдай болып қалса, Алмаз Зауытбек және Айдос Мұсаев деген екі құтқарушымыз бар. Бұған дейін бір-екі рет жүзуге келген клиенттеріміз суға батып кете жаздаған, біздің құтқарушыларымыз алғашқы көмекті дәл уақтында көрсете алды. Жалпы орталықтың ашылғанына екі жылдай уақыт болды, тек жазғы демалыс уақтында үш ай ғана жұмыс істейміз», – дейді орталық басшысы.
Ал тұрғындар жаздыгүні жиі баратын субұрқақтарына қатысты мәселемен Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаевпен сөйлескенімізде: «Қазіргі таңда ауданымызда бес субұрқағы бар. Оның үшеуі – орталық саябақта, ал біреуі сервистік әкімдіктің алдында, ал біреуі «Мәңгілік ел» саябағында орналасқан. Алайда, субұрқақтары жиі істен шығады»,- дейді ол.
Міне мұны ауыл әкімінің орынбасары М.Орымбаевтың өзі де растап отыр.
-Оның бірден бір себебі, бұрқақтың қозғалтқышы қысымды көтере алмайды. Қозғалтқыштың сапасыздығынан да болу керек, қазір аудандағы субұрқақтарының ешқайсысы толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұрындары «Достық» мәдениет үйінің жанындағы кіші саябақтағы субұрқақтың жұмыс істеп тұрғанын оқта-текте болса да көретінбіз. Ал қазір бұл маңдағы субұрқақ мүлдем істен шыққан.
Біз әрдайым субұрқақтардың қозғалтқышын ауыстырғанымызға қарамастан, олар жиі істен шығады. Субұрқақтарды күтіп ұстауға аудан қазынасынан ешқандай қаражат қарастырылмаған. Біз оны өз күшімізбен жөндеп қоямыз», – дейді Мақсұт Мұратбекұлы.
Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, шіліңгір жаздың шілдесінде балаларыңызды бассейнге немесе басқа да демалыс орындарына апармас бұрын, ондағы қауіпсіздік мәселесіне терең үңілгеніңіз жөн. Бес саусақ бірдей емес. Кей демалыс орталықтарында тазалық және санитарлық тазалау жұмыстары сақталғанымен, енді кейбірінде аталған талаптар мүлде сақталмайды. Бұл – ащы болса да, шындық.
Оның үстіне аудан орталығындағы саябақтарда субұрқақтардың жұмыс істемейтіндігі тұрғындардың, әсіресе балалардың ренішін туғызады. Балалардың шат күлкісі мен алаңсыз дамуын ойлайтын болсақ, бұл олқылықтың орнын ертерек толтырғанымыз жөн.

Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close