Basty bet

Ауылды жаңа заманға сай дамыту – баршаға ортақ парыз

2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы ауыл әкімдерін елорда төріне жинап, диалог-платформа өткізгені белгілі. Ауыл әкімінің биік мінберден сөз алуы – Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір тетігі екенінің айқын көрінісі. Қ.Тоқаев өз сөзінде ауылдың дамуына ерекше мән беретінін, Президент қызметіне кірісердегі ең алғашқы Жарлығы ауылды дамытуға арналғанын атап өтіп, алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

«Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл – елдің тірегі мен берекесі. Осынау қасиетті елдімекендерді дамыту үшін ел билігі барлық мүмкіндікті жасап, бұл мәселеге баса көңіл бөлу үстінде. Президент бұған байланысты: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – Ел бесігі!» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскен ұлықтау рәсімінде.
Президенттің Қазақстан халқына арнаған 2025 жылы халыққа арнаған жаңа Жолдауында да өңірлерге инвестиция тарту, барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы инвестиция тарту ісімен бағаланатыны туралы айтылғанын жақсы білеміз.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында: «Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет.
Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет» деп атап өтілгенін жақсы білеміз. Президенттің тапсырмасы барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Өңірлер мен аудан, ауыл-аймақтардың ахуалын, халықтың тұрмыс-тіршілігін инвестиция тарту арқылы жақсартуға болады. Инвестиция тартылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, ең алдымен тұрғындарды жұмыспен қамтуға, шикізатты өңдеуге және сол арқылы аймақтың инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік мол.
Былтыр Астана қаласында ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен диалог-платформа жиынына қатысқан Жуалы ауданына қарасты Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек Нұрлыкент (ауылдық округтің орталығы) және Түктібай аталатын екі елдімекеннен тұратын округте инвестиция тарту арқылы өңірлерді дамыту жұмыстарының қолға алынғанын айтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асыру барысында ауданға қарасты Нұрлыкент ауылына инвестиция тартып, сол арқылы өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында құс етін өндіру және өңдеу фабрикасын салу жоспарланған. «Алтын Ел-груп» ЖШС жүзеге асыратын бұл жобаның жалпы құны – 2,5 миллиард теңгені құрайды. Инвестициялық жоба іске асырылған жағдайда ауылдың 50 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Дегенмен, электр қуатының жеткіліксіздігіне байланысты аудандық электр желілерін тарату мекемесі тарапынан электр энергиясына техникалық шарт бере алмай отыр. Жоғарыда аталған мәселені 2025 жылдың 28-ші қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы» аталатын жиында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сұрақ қойып, алдағы уақытта жаңа электр желілерінің тартылатындығы туралы тұшымды жауап алдым.
Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасын іске асыру бағытында қолға алынған инвестициялық жобаның бірі – жол-сервистік нысандарын іске қосу мақсатында аудан аумағынан өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» республикалық мәндегі автомобиль жолының бойынан «Гамбург» ЖШС-на жалпы аумағы 1,2 гектар жер телімі берілді. Жоба 2026-2027 жылдары аралығында іске асыруға бағытталған.
Сонымен қоса, Президенттің төрағалығымен 2025 жылдың 28 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесінің өте өзекті екенін айтқаны белгілі. «Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «Аmanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн», деп атап өтті Президент.
Жоғарыда аталған «Әкімдер мектебі» жобасының аясында алған тәжірибені тиімді пайдаланудың нәтижесінде ауылдық округте «Қуатбек-2020» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, құрамында 15 мүшемен жалпы 120 миллион теңгеге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы «Ауыл аманаты» жобасының аясында 2,5 пайызбен несиелендіру үшін тиісті өтінім берілді. Аталған кооперативтің ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын екі бірдей базасы бар. Бүгінгі таңда 155 бас ірі қара малы, соның ішінде, 68 бас сауынды сиыр ұстап, тәулігіне 600 литр сүт өндіріп, оны аудан орталығындағы сүт өңдейтін кәсіпорындарға күнделікті өткеруде. Асыл тұқымды сауынды сиырлардан сауылған сүттің майлылығы өте жоғары. Кооператив басшылары алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіріп, шаруасын кеңейткісі келеді. Бұл жоба іске асырылған жағдайда ауылдық округте жеке қосалқы шаруашылықтардың санын арттыру жоспарда бар. Округтің жеке кәсіпкерлері «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағытының аясында жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізіп, биогумус өндірісі мен жаңа наубайхана ашып, халыққа таза табиғи өнімдер ұсынуда,- дейді Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек.
Жуалы ауданы – аграрлы аймақ. Сондықтан бұл өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ден қойылатыны белгілі. Президент Жолдауының үшінші бағдарында өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру қажеттілігінің ерекше атап өтілгені де сондықтан. Осы бағытты іске асыру мақсатында ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында картоп өсірумен ұзақ жылдан бері айналысатын «Злиха» тұқым шаруашылығы картоптан фри өндіру жобасын қолға алып, өндіріске қажетті құрал-жабдық, заманауи қондырғыларды Қытай Халық Республикасынан сатып алуға келісімдер жүргізіліп жатқанын айтады ауыл әкімі Нұрсұлтан Рақымбек.
Жалпы Нұрлыкент ауылдық округінде 2025 жылы 379 гектар алқапқа картоп егіліп, өнім жинау науқаны кезінде әр гектардан орташа өнімділік – 420 центнерді құрап, жалпы түсім – 15 918 тонна. (2024 жылы 311 гектар картоп егіліп, өнімділік гектарына 425 центнер, яғни 13 217,5 тонна өнім алынған). Жоғарыда аталған картоп өңдейтін зауыт іске қосылса, нәтижесінде 50-60 адамға жұмыс орны ашылып, аудан шаруаларына шикізат өткізуге мол мүмкіндік жасалмақ. Сонымен қатар, кәсіпорында экологиялық таза өнімдер өндіріледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін су үнемдеу технологияларын да тиімді пайдаланған жөн. Осы бағытта ауылдық округте былтыр 20 гектар картоп алқабы және екі гектар көкөніс алқабына жаңбырлатып және тамшылатып суғару қондырғылары орнатылып, мұның есебінен шаруалар мол өнімге кенелді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын табатынына сенім мол.
Президент Жолдауының төртінші бағытында көлік-логистика саласын және инфрақұрылымды одан әрі дамыту міндеті қойылғаны белгілі. 2024 жылы Нұрлыкент ауылдық округінде бес көше, ал былтыр екі көше орта жөндеуден өткізіліп, тұрғындар игілігіне пайдаланылға берілгенін айта кеткен жөн. Осылайша, ауылдық округтің көше жолдарына асфальт жабыны төселіп, орта жөндеуден өткізілді.
– Біз Президенттің ауылдардағы сенімді өкілі ретінде әрқайсымыз өз өңірімізде Әділетті Қазақстан қағидаттарын іске асыруға барынша күш саламыз. Ауыл тұрғындары үшін ең маңыздысы – еңбек етуге мүмкіндік беру. Бұл бағыттағы межелі міндеттер мен жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады,- дейді ауылдық округтің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close