Basty bet
Олар – Тәуелсіздік қаһармандары
1986 жылғы желтоқсанда Алматыда орталық алаңда қазақтың саналы, батыл жастарының қызыл империяның құрсауына қарсы тұрып, еркін бой көрсеткен, ел тарихының одан әрі дамуына жаңаша серпін берген Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздікке жол ашқан айтулы оқиға болды. Уақыт көші алға жылжыған сайын осы оқиғаның тарихи мәні мен маңызы тереңдеп, оған берілетін баға да артып келеді.
Бүгінде ауданда Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 13 жуалылық бар. Олардың басын біріктіретін «Желтоқсан-Жуалы» қоғамдық бірлестігі бар.
Сол күндері Алматының орталық алаңындағы қанды қырғынды көзімен көріп, өзегінен өткізген, бүгінде салиқалы жасқа жеткен олардың әрқайсысының айтар өз естеліктері мен салмақты ой-пікірлері бар. Солардың бірнешеуінің естеліктерін бергенді жөн көрдік:
Сол тұста Алматы мемлекеттік медициналық институты педиатрия факультетінің 4 курс студенті болған Ләззат Әшірбекова былай деп еске алады:
– Желтоқсан көтерілісінің екінші күні еді. Студенттер түнде алаңда болған жайды естіп, ашу-ызамен қайтадан алаңға жиналыпты. Біз де бардық. Күндіз пәлендей ештеңе бола қоймады.
Кешқұрым аяз күшейді. Бір кезде айқай-шу басталды да кетті. Кенеттен қатты соққан екпіннен құлап түстім де, бір сұмдықтың болғанын сезе қойдым. Орнымнан тұрып алып, шетке қарай ығыса бердім. Шетке жете бергенім сол еді, арқамнан біреудің сарт еткізіп, екі рет ұрған ауыр жұдырығы ма, әлде сойылы ма, қиралаңдап құлап түстім. Олардың мені енді аямайтынын сезіп, қаша жөнелдім.
Бойымды билеген сол қорқыныштан Абай даңғылының шетіне қарай қалай іліккенімді байқамай қалыппын. Артыма қарайлай жүріп, қарсы бетіне әрең өттім-ау, әйтеуір. Сол шетте, талдардың арасында су ағып жатқан арықта тығылып тұрғанымда, екі жігіттің менен әріректе 30-40 метр жерден қаша жөнелгенін байқадым. Артынша екі жігітті милиционерлер мен ДНД жасағы соңына түсіп, қуып өтті. Бір жігіт әупірімдеп қашып құтылды-ау деймін, екіншісін ұстап алып, шыңғыртып алып кетті.
Мен қорқыныштан орнымнан тұра алмай қалдым. Әрең есімді жинап, тұрғын үйлердің арасына кіріп кеттім. Ет қызуымен бе, әлде бойымды билеген үрейден бе, жобамен осы тұста ғой деп, бір қараңғы көше шетімен жүріп отырдым. Біраздан кейін етігімнің іші шылқыған су екенін сездім.
Алысырақ кеткеніме көзім жетіп, бір жерге жүрелеп отырып, етігімді шешіп, ішіндегі суды төктім. Қайтадан әлім келгенше, етігімді киіп, әрі қарай жылжыдым. Қанша жүргенімді білмеймін, біраз уақыттан кейін алдымнан таныс көшелер шығып, жатақханаға жеттім …
Бүгінде жасы 60-тан асқан көктөбелік Алдабек Нұрлыбаевтың тартқан азабы мен көрген теперіші бір басына жетіп артылады. Алдабек ол кезде Алматы энергетикалық институтының соңғы курсында оқып жүрген. Топ старостасы болып жүрген ол студент жастардың наразылық шеруін бастап, Коммунистік даңғылдың бойымен төмен жылжып келе жатқанда, оларға жұмысшы жастар қосылады.
Орталық әмбебап дүкенінің тұсына жеткенде, шерушілер дүкеннің ішіне кіріп, барлық қабаттарын аралап шығады. Алайда, олар ешқандай басбұзарлық әрекетке бармаған. Сол жерде мұздай қаруланған жасақ килігіп, шеруді күшпен таратуға әрекет жасайды. Келесі күні түнде Алдабек бір топ студент жаспен бірге алаң маңына барғанда, бұрышта жасырынып тұрған ОМОН күштері ұстап алып, қамаққа жабады. Үстінен қылмыстық іс қозғалып, оқудан қуылады. Кейіннен де жұмысқа тұратын кезде көптеген кедергілерге тап болып, жұмысқа орналаса алмайды.
Тек бертінде, жасы ұлғайған шағында ғана ақталып, құқықтары қалпына келтірілген.
Жеке кәсіпкер Нұрбек Сарыбаевтың да естеліктері де тебіреніске толы. Ол бұл күндерді былай деп сипаттайды:
– Желтоқсан көтерілісі болған тұста мен Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «инженер-механика» факультетінде төртінші курста оқып жүргем. Оқу орнының жатақханасы Брежнев атындағы орталық алаңның дәл іргесінде орналасқан еді. Сондықтан алаңда болған толқуды алғаш болып біздің студенттер байқап, оның қалың ортасында жүрді. Барлығының талабы республиканың бірінші басшысын жергілікті ұлт өкілінен тағайындау еді.
Нағыз қарсыластық оқиғаның екінші күні басталды. Мұздай қаруланған әскери жасақ бас-көзге қаратпай өткір сапер күрегімен алаң толы шерушілерді тықсырып, жатақханаға әкеп тықты. Милиционерлер мен жасақшылар кіреберіс есікке кептеліп, сыймай жатқан қыз-жігіттерді күрекпен аяусыз ұрып-соқты. Сонда топ старостасы болған Жортылы Толымбеков деген жігіттің басына сермелген күрек тайып, қолын кесіп кетіп, қан саулап ағып, жарақатын тіктірді.
Алаңға барған студент жастарды қудалау басталды. Алдыңғы қатарда суретке түсіп қалғандарды бет-жүзінен танып, жауапқа тартып жатты.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»