Basty bet

Ауыл тұрғындарының өтініші назарға алынды

«AMANAT» партиясының өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, олардың өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар ауыл көшелерінің электр бағаналары мен сымдарының ескіруі және арық суы секілді маңызды мәселелерді көтерді. Фракция жетекшісі Марат Нарымбекова Б.Момышұлы ауылының Қ.Иманбекұлы көшесінің тұрғындарының ұсыныс-талаптарын назарға алды.
Кездесуге Б.Момышұлы ауылының әкімі Р.Көсембаев және аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы мен қызметкерлері шақырылды.
Кездесуде ауыл тұрғыны Т.Қуатбеков көшедегі электр бағаналарының тозып, кейбірі қауіп төндіретін жағдайға жеткінін айтып, осы мәселені шешіп беруді сұрады. Ауыл тұрғынының бұл сауалына аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы жауап берді. Аталған мекеме басшысы “Аудандағы электр бағаналарының 80 пайызға жуығы ескірген. Оның барлығын жұмыс барысында қызметкерлермен бірге анықтап, нақтылап қойғанбыз. 30-40 жылдан бері бұл салада жіберілген олқылықтардың орнын толтырып, тұрғындарды электр энергиямен толыққанды қамтамасыз ету үшін соңғы жылдары ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл ескірген әуе желілері мен бағаналарды кезең-кезеңімен 2030 жылға дейін жаңғырту жоспарлануда. Алдағы уақытта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылатын болады” деп жауап берді.
Одан кейін ауыл тұрғыны Д.Байдалиев көшеде бақша суы мәселесін көтерді. Ардагер “Осыдан біраз жыл бұрын арыққа бақша суы келіп, бақшамызда азын-аулақ көкөніс егіп, аз болса да жиын-терім жинап алатынбыз. Екі жыл болды су келмей қалды. Қ.Иманбеков көшесінің тұрғындары жыл сайын арық тазалауға шығатынбыз. Денсаулығыма байланысты соңғы жылдары арық тазалауға шыға алмай қалдым. Біздің көшеге негізінен арық суы келіп тұр. Бірақ осы тұстағы екі-үш үйден бері қарай су келмейді. Су қайда кетіп жатқаны белгісіз. Сондықтан бітелген арық жолдарын ашып, алдағы уақытта бақша суын алуға ықпал жасасаңыздар” деген өтінішін жеткізді.
Бұл мәселені Б.Момышұлы ауылының әкімі назарға алып, кездесуге келген топпен бірге бітелген арық жолдарына зерделеу жүргізді. Алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табуына ықпал етіп, арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Кездесу барысында тұрғындармен ашық диалог орнап, тұрғындар өз пікірлерін еркін жеткізуге мүмкіндік алды. Партия өкілдері мұндай кездесулер тұрғындардың нақты мәселелерін анықтауға және тиімді шешім қабылдауға жол ашатынын айтты.
Ауыл тұрғындары өз кезегінде мәселелерінің назарға алынғанына ризашылық білдіріп, көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтты. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, елді мекендердің дамуына ықпал ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін жеткізді.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close