Basty bet
Қарттарға көрсетілген қамқорлық – ұрпақ парызы
Қоғамның рухани өзегі, елдің береке-бірлігінің бастауы – қариялар. Өмірдің талай сындарынан сүрінбей өтіп, бүгінгі бейбіт күнге жеткізген аға буын өкілдері – ұлттың тірі тарихы, тағылымы мол тағдыр иелері. Қазақ халқы ежелден үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік қағида еткен. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген дана сөз де қарияның қоғамдағы орнының айрықша екенін аңғартады. Дегенмен, қазіргі таңда кейбір қарияларымыздың күнделікті тұрмыста қолдауға мұқтаж болып, үй шаруасын жалғыз өзі атқарып жүргені жанға батады.
Ата-бабадан жалғасып келе жатқан қазақ халқының өнегелі қасиеттерінің бірі – қариясын құрметтеу. Қазақ халқы қашанда ақ жаулықты әже мен ақсақал қарияны төріне шығарып, батасын алып, ақылын тыңдаған. Алайда өмірдің әртүрлі жағдайына байланысты барлық перзент атаулы қарттарын алақанда аялап, лайықты деңгейде қамқорлық көрсете бермейтіні де жасырын емес. Осындай көмекке мұқтаж қарияларға қолдау білдіру мақсатында Ақтөбе ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы аталған елдімекеннің жастарының қатысуымен «Өмір жаны ізгі жандармен мәнді» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Игі шара Жаңаталап ауылының Расылхан көшесінің тұрғыны, зейнеткер Есіркеп Тұрысбековтың ауласынан бастау алды. Он адамнан құралған ерікті жастар тобы аула алдындағы қоқыстарды жинап, қарияның күнделікті үй шаруасына қолғабыс етті. Акция соңында қария жастарға ақ батасын беріп, зор ризашылығын білдірді.
Айта кетерлігі, мұндай қайырымдылық шаралары бір реттік акциямен ғана шектелмейді. Жалпы округ аумағында 271 зейнеткер бар. Олардың тұрмыс-тіршілігіне қолдау көрсету, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы көмектер акциядан тыс уақытта да тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бұл – қарттарға деген шынайы жанашырлық пен үздіксіз қамқорлықтың нақты көрінісі.
Аталған акцияның негізгі мақсаты – ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне және жалғызбасты қарттарға жүйелі көмек көрсету. Волонтер жастар қарттарға шаруашылық жұмыстарына көмектесу, үйі мен ауласын тазалау, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алып беру және ең бастысы – олармен әңгімелесіп, көңіл бөліп, рухани қолдау көрсету сияқты игі істерді жүзеге асыруда.
Осындай ізгі бастамалар қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетіні сөзсіз.
Жансерік Әлі,
Ақтөбе ауылдық округінің
жастармен жұмыс
жөніндегі маманы