Basty bet
Аудан тұрғындарының мүддесі басты назарда
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Коворкинг» залында «AMANAT» партиясының Жуалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Отырыста әлеуметтік және ұйымдастырушылық мәселелер кеңінен қаралды.
Жиынға Саяси кеңес Бюросының және Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, партияның аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхамеджан Әсемов, аудан әкімінің аппарат басшысы Жасөркен Жақсылық, аудандық «Отбасын қолдау орталығының» директоры Жәмила Қалымбетова, Б.Момышұлы ауылы және Қошқарата ауылдық округінің әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің аппарат басшысы Жасөркен Берікұлы 2025 жылдың қорытындысы бойынша азаматтардан түскен өтініштердің қаралу және шешілу барысын толық баяндады. Өтініштердің негізгі бөлігі әлеуметтік көмек, тұрғын үй, жер қатынастары және инфрақұрылым мәселелеріне қатысты екенін атап өтіп, олардың заң талаптарына сай кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, өтініштердің орындалу барысын жүйелі бақылау, жауапты бөлімдерге үйлестіру және тұрғындармен кері байланысты тұрақты жүргізу мәселелері талқыланды.
Екінші мәселе, бойынша қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау туралы аудандық «Отбасын қолдау орталығының» директоры Жәмила Қалымбетова баяндама жасады. Ол әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен көлемін, сондай-ақ алдағы жоспарларды нақты мысалдармен жеткізді. Баяндамада әлеуметтік осал топтағы отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатыны және қолдаудың тұрақты түрде жетілдірілетіні айтылды.
Үшінші және төртінші мәселелер «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға арналды. Әрі қарай Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев және Қошқарата ауылдық округінің әкімі Мейіржан Телеушов елдімекендердегі әлеуметтік-экономикалық даму, жол, инфрақұрылым, абаттандыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар мен нақты іс-шаралар туралы ақпарат берді және ол жұмыстардың жүзеге асырылу мерзімі көрсетілді.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, бірауыздан бекітілді. Қабылданған қаулылардың негізгі бағыттары – әлеуметтік қолдауды күшейту, азаматтар өтінішін уақтылы қарау, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді орындау және ауылдық елдімекендердің дамуын толық қамтамасыз ету болды.
Сондай-ақ, «Әртүрлі мәселелер» бөлімінде Партиялық бақылау комиссиясының құрамына өзгерістер енгізілді. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ұлан Сейсенұлының мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты комиссия мүшелігіне «Жастар ресурстық орталығының» директоры Сәбит Қадыров бекітілді.
Отырыстың соңында қабылданған қаулылардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны айтылды. Біріккен отырыс әлеуметтік мәселелерді шешуге, сайлауалды және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ партия мен жергілікті билік арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң болғаны анық.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»
