Basty bet

Ұлттық сананы жаңғыртып, тарихи әділдікті орнықтырған шешім болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары киелі өңірдің тарихындағы тағылымы терең, ел жадында ұзақ сақталатын айтулы оқиғалармен ерекшеленгенін жақсы білеміз. Бұл тек әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қамтыған ресми іссапар ғана емес, сонымен қатар ұлттық рухты көтеріп, тарихи әділеттілікті қалпына келтірген тағылымы терең айтулы оқиға ретінде жоғары бағаланғаны анық. Сапар аясында қазақ халқының біртуар перзенті, Ұлы Отан соғысының аңызға айналған қаһарманы, әскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағының берілуі – осының айқын дәлелі.
Бұл шешімнің хас батырдың кіндік қаны тамған туған жері топырағы қасиетті Жуалы ауданының жұртшылығы үшін де мәні зор, мағынасы ерек. Олай болатыны, Бауыржан Момышұлы – Жуалының ғана емес, күллі Алаш жұртының айбынына айналған ардақты тұлға, барша қазақ халқының мақтанышы, ерлік пен елдіктің, намыс пен рухтың мәңгілік символы. Оның тағылымды тағдыры мен өнегелі өмір жолы жұлдызы биік Жуалы ауданының қоғамдық өмірімен, осынау киелі өңірдің тағылымды тарихымен, тұтастай алғанда, ұлттың рухани болмысымен біте қайнасқан десек, артық айтқандық емес.
Бауыржан Момышұлының ерлігі мен тұлғалық дара болмысы – сонау соғыс жылдарынан бері халықтың жадында. Ол майдан даласында теңдессіз батырлығымен танылып қана қоймай, соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ұлт руханиятының баюына өлшеусіз үлес қосты. Оның әскери-патриоттық еңбектері, адамгершілік пен отансүйгіштікке үндейтін ой-толғамдары бірнеше буынның тәлім-тәрбиесіне негіз болғаны анық. Сондықтан аты аңызға айналған даңқты қолбасшыға Президент Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағының берілуі халық ұзақ жыл күтіп, уақыт сынынан өткен тарихи шешім ретінде қабылданды.
Осынау қуанышты оқиғаға орай жыл басында Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдері – қоғам қайраткерлері, ардагерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар мен мәдениет саласының көрнекті өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алғысхат жолдап, онда Президентке Бауыржан Момышұлының ерлігін мемлекет деңгейінде жоғары бағалап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіргені үшін шынайы ризашылық білдірілгені де ерекше атап айтуға тұрарлық игі іс.
Жамбылдық зиялы қауым өкілдері Президент шешімінің ұлттың тарихи санасын жаңғыртқан өте дұрыс шешім болғанын қуанышпен жеткізіп, Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағының берілуі ерлікке деген жоғары құрметтің белгісі екенін ерекше атап өткен ләзім.
Президенттің Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық Қаһарманы» атағының берілгенін естіген Жуалы жұртшылығы да бұл ақжолтай жаңалықты ерлікке жасалған мемлекеттік жоғары құрметтің белгісі ретінде аса тебіреніспен қабылдады. Президенттің бұл шешімін халықтың жүрегінен өшпестей орын алған тау тұлға, ешкімге ұқсамайтын дара тағдыр иесі – Бауыржан Момышұлының асқақ рухына құрмет және батыр бабалардың сан ғасырлық ерлігіне жасалған тағзымның белгісі деп жоғары бағалаған абзал.
Шын мәнінде, Бауыржан Момышұлы – күллі Алаш жұртының айбынына айналып, ел басына қиын күн туған қысталаң шақта майданның алдыңғы шебінен табылып, Отан үшін от кешкен батыр ғана емес, елдік пен ерліктің, тәртіп пен табандылықтың символына айналған дара тұлға. Оның Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқастардағы асқан ерлігі, қолбасшылық дарыны мен темірдей тәртібі әлемдік әскери тарихта өшпес із қалдырғанын жақсы білеміз. Батырдың ерлік істері – бір кезеңнің ғана емес, күллі қазақ халқының намысы мен асқақ рухын айшықты бейнелейтін асыл мұра.
Елін сүйген қаһарман ер Бауыржан Момышұлының бейбіт өмірде де туған халқына қалтқысыз қызмет етіп, қалам қуатымен де, ұшқыр ойымен де ұрпақ тәрбиесімен қатар, ұлттың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқанын жақсы білеміз. Жазушының туған халқына өсиеттеп, аманат етіп қалдырған әдеби бай мұрасы мен адамгершілік, тәртіп, отансүйгіштік жөніндегі тағылымды да терең ойлары бүгінгі жастар үшін де, болашақ ұрпақ үшін де баға жетпес құнды қазына болып қала береді.
Президенттің даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Жарлығын – ұлттық сананы жаңғыртып, тарихи әділдікті орнықтырған, елдің бірлігін бекемдеп, егемендіктің еңсесін биіктеткен дұрыс шешім ретінде жоғары бағалағанымыз абзал болмақ.
Бұл – өзінің туған елін шексіз сүйіп, көзі тірісінде оған адал қызмет ете білген айтулы ерлердің асқақ рухына көрсетілген зор құрмет, батыр бабалардың аманатына деген адалдықтың айғағы!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close