Basty bet

Дәстүрім – дәулетім!

Аудандағы орталық саябақта «Ұлттық жаңғыру» бағдарламасы аясында «Дәстүрім – дәулетім» тақырыбында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған фестиваль өтті.

«Дәстүрім – дәулетім» аталатын фестиваль ауылымыздың өнерлі де, талантты дарын иелерін тауып, елге танытуға және олардың өнеріне жол ашып, биікке самғауын, үлкен сахналарға шығуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Фестивальге Шақпақата ауылындағы №4 Балалар өнер мектебі, Т.Дүйсебайұлы ауылдық клубының өнерпаздары және ауылдың ақ жаулықты әжелері қатысып, сахна төрінде өнерлерін көрерменге паш етті.
«Шашу» биімен ашылған шарада күмбірлеген күй де тартылып, әуезді әндер де шырқалып, қалың көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
№4 Балалар өнер мектебінің күйшілері Ержан Шаханов, Қалмұқан Досанқұлов және Нұрдәулет Баймағамбетов «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін құлақтың құрышын қандыра орындаса, Т.Дүйсебайұлы ауылдық клубының маманы Мұхит Жамалбеков «Қызылқұмда ауылым» атты әнінен шашу шашты.
Сонымен қатар, шара барысында Нұрдәулет Баймағамбетов Майлықожаның термесін, Ләззат Сейітқұлова «Анашым» әнін, Қалжан Қосарова «Аяулы ана», «Іздеме» атты әндерін орындап, көпшіліктің назарын өздеріне аударды.
Одан бөлек, шарада «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдерінен көріністер көрсетілді.
Қатысушыларға ерекше әсер сыйлаған фестиваль Салтанат Болатбектің орындауындағы «Бақыт құсы» биімен аяқталды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close