Basty bet
2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі қайта қаралады: мәмс жүйесіндегі жаңа тәртіптер қандай?
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар тізбесін қайта қарауды ұсынып отыр. Бұл өзгерістер – медициналық көмекті қаржыландыру тетіктерін оңтайландыруға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің рөлін күшейтуге бағытталған.
Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміндегі өзгерістер
Жаңа ұсыныстарға сәйкес, бұрын әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына енгізілген бірқатар дерттер аталған тізімнен алынып, созылмалы аурулар санатына ауыстырылады. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан:
• қант диабеті;
• балалардың церебралды сал ауруы;
• ревматизм;
• дәнекер тіннің жүйелі зақымданулары;
• бірқатар эндокриндік, неврологиялық және тірек-қимыл аппараты аурулары алынып тасталады.
Бұл аурулар 2026 жылдан бастап тек МӘМС жүйесі аясында медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі.
МӘМС-ке сақтандырылмаған азаматтар үшін салдары қандай?
Аталған өзгерістердің ең маңызды тұстарының бірі – МӘМС жүйесіне сақтандырылмаған азаматтар үшін медициналық көмектің шектелуі.
Мәселен, қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте тұрған науқас МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жағдайда:
• тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмейді;
• жоспарлы амбулаториялық бақылаудан өте алмайды;
• мамандардың консультациясы мен диагностикалық тексерулерді ақылы негізде алуға мәжбүр болады.
Дәл осындай жағдай балалардың церебралды сал ауруы, ревматологиялық және өзге де созылмалы аурулары бар пациенттерге де қатысты болады.
Мемлекет нені кепілдейді?
Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінде қалған дерттер (туберкулез, АИТВ, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, эпилепсия, демиелинизациялық аурулар және басқалары) бұрынғыдай тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) шеңберінде көрсетіледі.
Ал жедел миокард инфаркті (6 айға дейін) мен инсульт (1 жылға дейін) уақытша әлеуметтік маңызы бар ауру ретінде қарастырылып, кейіннен МӘМС жүйесіне ауыстырылады.
Халыққа не істеу керек?
Мамандар азаматтарға:
• өздерінің МӘМС жүйесіндегі мәртебесін алдын ала тексеруге;
•ресми түрде жұмыс істемейтін тұлғаларға жарна төлеу мүмкіндіктерін қарастыруға;
• әлеуметтік осал топтарға арналған мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануға кеңес береді.
Бұл өзгерістер халықтың медициналық сауаттылығын арттырып, әр азаматтың өз денсаулығына және сақтандыру мәртебесіне жауапкершілікпен қарауын талап етеді.
Егер МӘМС жүйесінде «САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН» мәртебесі шықса, не істеу керек?
1.Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығанмын. Не істеуім керек?
Жауап:
Егер сіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған болсаңыз және МӘМС жүйесінде «сақтандырылмаған» мәртебесі көрсетілсе:
• ең алдымен жарна бойынша қарызыңыз бар-жоғын тексеруіңіз қажет;
• қарыз анықталған жағдайда, оны Kaspi.kz немесе eGov порталы арқылы төлеуге болады;
• жарна төленгеннен кейін мәртебе автоматты түрде жаңартылады.
2.Мен жеңілдік санатына жатамын. Бұл жағдайда не істеу керек?
Жауап:
МӘМС жүйесінде 15 жеңілдік санаты бар. Егер сіз сол санаттардың біріне кірсеңіз:
• мемлекет сіз үшін МӘМС жарналарын төлейді;
• бұл үшін тиісті мемлекеттік органда мәртебеңіз ресми түрде расталуы тиіс.
Жеңілдік санатына кіретініңізге сенімді болмасаңыз, әлеуметтік қорғау немесе жұмыспен қамту органдарына жүгіну қажет.
3.Мен жұмыссызбын. МӘМС бойынша қандай мүмкіндігім бар?
Жауап:
Егер сіз жұмыссыз болсаңыз:
• жұмыссыз ретінде ресми тіркелуіңіз керек;
• ол үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе enbek.kz сайты арқылы өтініш бересіз.
Маңызды:
Егер сіз жұмыссыз ретінде тіркелсеңіз, үш ай бойы медициналық көмекті тегін алу құқығы сақталады және бұл кезеңде:
• МӘМС жарналарын төлеу міндеті жүктелмейді.
Бұл норма «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңда көзделген.
4.Мен әлеуметтік осал топқа жатамын. Қандай қадам жасау керек?
Жауап:
Егер сіз:
• дағдарыстық немесе
• шұғыл (экстрендік) әлеуметтік жағдайдағы азамат болсаңыз,
онда:
• жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгіну қажет;
• сол жерде сіздің мәртебеңіз ресми түрде расталады.
2026 жылдан бастап төмен табысы бар азаматтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін болады. Бұл жаңа әлеуметтік осал топтар жергілікті атқарушы органдар арқылы қамтылады.
5.«Сақтандырылмаған» мәртебе қандай салдарға әкеледі?
Жауап:
Егер азамат МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болса:
• жоспарлы медициналық көмек ала алмайды;
• созылмалы аурулар бойынша тегін дәрі-дәрмек берілмейді;
• қант диабеті, балалар сал ауруы сияқты аурулар бойынша бақылау мен емдеу ақылы негізде көрсетіледі.
Сондықтан әр азаматқа МӘМС мәртебесін алдын ала тексеріп, қажетті шараларды уақытында қабылдау маңызды.
Еркебұлан Көмек,
аудандық орталық аурухананың алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімінің меңгерушісі