Basty bet
Батыр атындағы ауылда байыпты жұмыс бар
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, өткен аптада Б.Момышұлы ауылы әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі ұйымдастырылды. Оған ауылдың сыйлы ардагерлері және тұрғындар шақырылды. Жиынның жұмысына аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жеңісбек Сейітбеков қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Атап айтсақ, ауылда 83 көшедегі 3 060 аулада 14 870 тұрғын тіркелген. Жалпы халықтың 8000-ы экономикалық белсенді тұрғындарға жатады. Ауызсу, табиғи газ, жалпы инфрақұрылым жүйелерінің жұмысына келсек, 83 көшенің 77-сіне ауызсу құбыры тартылған. Ал газдандыру бойынша тұрғын үйлер көгілдір отынмен толық қамтылған.
Азаматтарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелеріне тоқталсақ, Бауыржан Момышұлы ауылында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту» және «Ұлттық жоба» бағдарламаларының аясында 2025 жылы 585 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Атаулы әлеуметтік көмек 47 адамы бар 40 отбасына тағайындалып, 2024 жылмен салыстырғанда, 74 отбасына төмендеп, табыстары артқан.
Ауыл шаруашылығы саласында да айтарлықтай жұмыстар бар. Ауылда 969 гектар егістік жер телімі 23 шаруа қожалықтың иелігінде тіркелген. 2025 жылдың өніміне 235 гектар күздік бидай, мақсары, көпжылдық шөп және төрт гектарға көкөніс егілген. Жалпы шаруа қожалықтарда мүйізді ірі қараның саны – 104 бас, ұсақ мал 600, ал жылқы 189 бас тіркелген.
Санитарлық тазалық бойынша ауылдың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында былтыр 280 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. 12 шақырым арық-атыз тазаланып, саябақтағы қураған шөптер, ауыл ішіндегі сайлардың ішіндегі күл-қоқыс тазаланды. Сондай-ақ, тазалық жұмыстарын жүргізуге, қоқыс шығаруға келісім-шартқа тұру мақсатында ауыл шегіндегі сауда нысандары мен тұрғындарға 250 ұсыныс-ескертпе таратылып, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.
Ауыл әкімі тұрғындардың игілігі және ұсыныс-тілекке сәйкес бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанына кеңінен тоқталып, сұрақтарға да жауап беріп, пікір білдірді. Рәтбек Қанатбекұлы 2025 жылы ауылдағы саябақтарды сенімгерлік басқаруға бергенін, саябаққа қатысты кейбір күрделі мәселелерді осылай шешуге болатынын айтты. Тұрғындармен кездесу жиынында ардагерлерден – Қайрат Сарыбаев, Кемелбек Дәуренов, Сапарбек Байсеріков, Шәкіржан Мамаджанов, Шора Ысқақов, Ғани Зерекбайұлы, Дарихан Сыдықова, Раушан Әлиева, сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаты Нүрилә Мәлібекова, ауыл тұрғыны Мұхамеджан Бейшенов т.б. көкейдегі сұрақ пен ұсыныс-тілектерін жолдап, ауылда атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына оң баға берді.
Былтыр аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында ескерткіштерді ағымды жөндеу, мемлекеттік мекемелердің аулаларына автотұрақ салу, көше жолдарын орта жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын, лоток салу, қураған ағаштарды кесу, тазалық, т.б. жұмыстар атқарылды. Батыр атындағы ауылда атқарылатын жұмыстар бұдан да көп. Жоспарлы жұмыстар биыл да сәтті атқарылады деп сенеміз.