Basty bet

«Тәуелсіз ел – Мәңгілік ел»

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалына қарасты «Қазақтелеком» бастауыш партия ұйымының ұйытқы болуымен Балалар өнер мектебінің акт залында осындай тақырыппен патриоттық кеш өтті. Шараға партия бастауыш ұйымдарының төрағалары мен жұртшылық өкілдері қатысты.

Шара қазақ тарихының жоңғар шапқыншылығынан бері Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейінгі қилы кезеңдерде бастан кешірген тағдыр-талайлы оқиғалары суреттелетін бейнетүсіріліммен ашылды. Оқиғалар желісі азат идеяның дем берушісі Желтоқсан көтерілісіне, әрі қарай Тәуелсіздік дәуіріне тұс келгенде баяндаушы Ерболат Қаттебеков сол тарихи сәттің болмысын «Қазақ елі танылды су түбінен көтерілген құрлықтай» деп дәл сипаттай білді. Кештің көркін әрі қарай термеші Мәлік Мықтыбеков күймен көтермелесе, өнер мектебінің ұжымы сахна төріне Отан, Тәуелсіздік, туған жер туралы ән-жырларды төкті.
Сөз «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметоваға беріліп, ол қазақ халқы үшін қастерлі егіз ұғымға айналған Желтоқсан мен Тәуелсіздіктің түпкі мән-мағынасына терең бойлай, тебіреніске толы әсерлі әңгіме шерте келе, жиналған партия мүшелерін мерейлі мерекемен құттықтады. Анар Садыққызы әрі қарай партияның бағдарламалық мақсаттарын насихаттауға және орындауға сүбелі үлестерін қосып жүрген бірқатар бастауыш партия ұйымдарының төрағаларын партияның аудандық филиалының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Кеш соңы аудандық көркемөнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

***

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияда білім ошағының жоғары сынып оқушылары мен ұстаздарының аудандағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қайсар қыздардың бірі, ол тұста медициналық институттың қабырғасында оқыған, бүгінде аудандық орталық емхананың білікті маман-дәрігері болып жұмыс істейтін Ләззат Әшірбековамен «Желтоқсан жаңғырығы» атты танымдық сыр-сұхбатын ұйымдастырды.
Ләззат Сағымбекқызы келер ұрпақтың жарқын өмір сүруі жолында өлшеусіз тер мен қан төккен бабалардың арман-аңсарынан туған бүгінгі бостандықтың негізін қалаған, азаттықтың ақ таңына жол ашқан Желтоқсан көтерілісінің шығу себептеріне талдау жасай келе, көтеріліс болған күндері өзі куә болған жайттар мен оқиғаларды әсерлі етіп әңгімелей отырып, оқушылар тарапынан қойылған көптеген сауалдарға жауап берді.
Шара соңында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова кездесуге келіп, жастарға келешегіне сабақ болар тағылымды, ғибраты мол әңгіме айтқаны үшін Ләззат Сағымбекқызына алғысын білдірді. Оқушылар кеш қонағымен бірге естелік суретке түсті.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close