Basty bet

Нашақорлық – адамзаттың қас жауы

Қазіргі таңда күрделі мәселелердің бірі – нашақорлық. Нашақорлық – ғасыр дерті, онымен қаншама денсаулық сақтау ұйымдары бірлесіп күресуде. Нашақорлыққа тәуелді болған адам өзіне зиян әдеттерді жинап жүреді. Оның көптеген түрлері бар, біреулер темекі ретінде пайдаланса, енді біреулер дәрі түрінде қолданады. Бір рет пайдаланған адам, бір-ақ күнде тәуелді болып, өмір сүру уақыты тез қысқарады. Адамның денсаулығына, өміріне тигізетін зияны көп. Ал, адами қалыптасу жағына келетін болсақ, өз ортасында сыйы кетеді, жүрген жерінде берекесі болмайды. Көптеген жақын адамдарынан айырылып жатады. Сондықтан да өмірлеріңізге ең жақын жастық шақтарыңызда денсаулықтарыңыздың жақсы болуына осы бастан қараған дұрыс болады.
Есірткі – бұл адамның көңіл-күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын, ең қауіпті тыйым салынған химиялық зат. Адамның миын улап, құмарлық желігіне ұшыратады, аса қауіпті дертке шалдығады, қайтадан адам болуы да екіталай. Әлеуметтік дертте адамның сезімін толықтай жансыздандырады деуге де болады.
Жалпы қазіргі заманда нашақорлық – адамзаттың қас-жауы, сонымен қатар, ең өзекті проблемалардың бірі. Қазіргі таңда, есірткіні немесе электронды темекілерді ғаламтордан не болмаса дүкендерден, түнгі клубтардан оңай сатып алуға болады. Жақын адамдардың жылуын, махаббатын сезбеген және ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік, осы дертке алып келеді.
Ал, жасөспірім осындай проблемалардан арылу үшін есірткіні пайдаланады. Нашақорлық адамды түбегейлі өзгертеді. Өтірікші, дөрекі, өзімшіл, қатал болу осы нашақорлыққа тікелей байланысты. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтын күйге жетеді, өмірін құртады. Соныңда барлығынан айырылып тек өзі ғана қалады. Кейін кезекті дозаға ақша табу үшін кез келген әрекетте дайын тұрады, тіпті адам өлтіру болсын, тонау болсын. Себебі, нашақорлық адамдың миын улайды. Сол үшін күш-жігерімізді біріктіріп, елдегі қоғамдық есірткі иммунитетін құруға бағыттауымыз керек. Ең бастысы, есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы бірлесе отырып, күресуіміз қажет.
Әдетте, есірткіні алғашқы дәмін таттыру тегін болады. Тегін нәрсе қайда бар? Қазақта «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?» деген мәтел бар емес пе?! Жем шанышпаса, құр қармақты балық қаппайды ғой?!
«Есірткіні инемен салмасаң тәуелді болмайсың» – деп, наша түріндегі шөпті шегуге қызықтыратындар да бар. Бұл – араңдатушылық. Қандай да бір әдеттің соңы адамды тәуелді етумен тынады.
Есірткі тұтынушы барлық адамдарға психикалық және тәндік тәуелділік қаупі бар. Барлық есірткілер психикалық, көбі дерлік сонымен қатар, тәндік тәуелділікке ұшыратады. Есірткіні бір-ақ рет пайдаланудың өзі мынадай ауыр жағдайларға әкеліп соғады.
1. Ми мен бауырдың зақымдалуы, мөлшерді шамадан тыс өсіруге байланысты, жүрек соғуының және тыныс алуының тоқтауы себебінен адамның өлуі.
2. Өлімге дейін апаратын аллергиялық реакциялар.
3. Психикалық тәуелділіктің дамуы.
4. Созылмалы аурулардың өршуі.
5. ЖҚТБ (ВИЧ) мен сары ауруға шалдығудың жоғары мүмкіндігі.
6. Заңға қатысты түйінді мәселелердің туындауы.
Есірткіні бір пайдаланған адамда нашақорлықтың іргетасы бар. Ол оны әр ойлаған сайын бір кірпіштен қойып отырады. Ақыры кірпіштер қаланып қамалға айналады да оның сол қамалдан шыға алмай қалу қаупі мықтап орнайды.
Нашақорлық – әлеуметтік ортақ мәселе, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған адамдардың өмірлерін қысқартып жатқан – әлемдік трагедия. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, әрбір азамат қарсы күрес жүргізгенде ғана шешімін табады. Сондықтан да, сіз болып, біз болып саламатты өмір салтын қалыптастырайық!
Сонымен қатар, тәуелділікке ұшыраған адамдарды қоғамнан аластатпай, оларға медициналық және психологиялық көмек көрсету маңызды. Емделуге және қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беру – адамгершіліктің белгісі. Қайта әлеуметтену бағдарламалары арқылы көптеген адамдар жаңа өмір бастауға шанс алып отыр.
Қорытындылай келе, нашақорлық – елеусіз қалдыруға болмайтын күрделі мәселе. Онымен күрес тек заңмен ғана емес, тәрбие, білім және жанашырлық арқылы жүзеге асуы тиіс. Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, болашақ ұрпақтың жарқын өмірі үшін үлес қосса, қоғамымыз бұл індетті жеңе алады.
Қазақстанның әрбір азаматы өзіне лайықты сабырлы, білімді, жат қылықтан аулақ болып, елдің ертеңгі азаматы болып жүрейік!

Таңдаулы материалдар

Close