Basty bet

Лудомания – қоғам дерті

Қазіргі заманда технология мен ақпарат дәуірі күн сайын дамып келеді. Интернет пен әлеуметтік желілердің қолжетімділігі жастарға мол мүмкіндік сыйлағанымен, кейбірі сол еркіндікті теріс пайдаланып, өзіне де, қоғамға да зиян келтіретін әдеттерге бейім болуда. Осындай қауіпті құбылыстардың бірі – лудомания, яғни ойынқұмарлыққа тәуелділік.
Лудомания дегеніміз не?
Лудомания – бұл адамның ақшалай немесе виртуалды ойындарға психологиялық тәуелділігі. Мұндай тәуелділік материалдық шығындармен ғана шектелмейді, ең қауіптісі – адамның ойлау жүйесін, мінез-құлқын және эмоциялық жағдайын бұзады. Лудомания – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ, рухани тұрғыда да әбден азғындатты.
Лудоманияның негізгі белгілері:
– Уақыттың көбін ойын ойлаумен немесе ойнаумен өткізу;
– Ақшаны жоғалтқан сайын қайта ұтып алу құлшынысы;
– Өтірік айту, жақындардан жасырыну;
– Қаржылық және әлеуметтік қиындықтар;
– Өзін-өзі бақылау мен мотивацияның төмендеуі.
Неліктен жастар оған тез тәуелді болады?
Жасөспірімдер кезеңі – уақыттың көптігі дұрыс пайдалана ала алмайтын, адам тұлғасы қалыптасатын, өзін-өзі іздейтін ең күрделі уақыт. Қазіргі жастарды лудоманияға итермелейтін факторлар: қызығушылық пен эмоциялық бос кеңістік – стресс пен жалғыздықтан құтылудың қате тәсілі; жеңіл табысқа сенім – «бір ойында бәрін ұтып аламын» деген иллюзия; құрдастардың әсері – «бәрі ойнап жүр ғой» деген ой; Онлайн ойындардың қолжетімділігі мен жарнамалар.
Психологиялық әсерлері:
Лудомания адамды шынайы өмірден алыстатады. Біртіндеп: сабаққа немесе жұмысқа деген қызығушылық жойылады; ашушаңдық пен кінә сезімі пайда болады; ұйқы, тамақтану және мінез-құлық бұзылыстары байқалады; өз-өзіне сенім жоғалады, тіпті депрессия мен суицидтік ойлар туындауы мүмкін.
Алдын алу жолдары
Отбасылық қолдау – ата-ананың балаға көңіл бөлуі, ашық әңгіме жүргізуі маңызды. Саламатты орта – бос уақытты шығармашылық, спорт және еріктілік сияқты пайдалы іс-шараларға бағыттау. Цифрлық гигиена – экран уақытын шектеу, ойындар мен қосымшаларды бақылау. Психологиялық көмек – тәуелділік байқалса, маманмен (психолог, психотерапевт) сөйлесу.
Сөз соңында құмар ойынның құмарлығынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті, қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Уақыт өткен сайын жастармыздың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет.
Лудомания – тек жеке адамның мәселесі емес, бұл қоғамның ортақ проблемасы. Әрқайсымыз жастарға ақпарат беріп, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға атсалысуымыз қажет. Уақытында қолдау тапқан жас – ертеңгі күні өз жолын дұрыс таңдай алады!

Венера Сейтаева,
Жуалы АОА-ның «Сенім» жастар денсаулық кабинетінің психологі

Таңдаулы материалдар

Close