Basty bet

Басты ұстаным – халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыстық игіліктерді қолжетімді ету

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің алдына 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілуі жөнінде нақты міндет қойылып, бұл тапсырманы жүзеге асыру аясында жүйелі жұмыс атқаруды тапсырғаны белгілі. Бұл – міндетті меже. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып, тұрмыстық игіліктерге деген қажеттіліктің артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын ең біріншіден таза ауызсумен, табиғи газбен, электр энергиясымен және қанағатанарлық автомобиль жолдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне облыс және аудан басшылығының тарапынан терең мән беріліп, көп көңіл бөлініп отыр.

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетінде жарияланған сұхбатында да Қазақстанның көлік-логистика саласын дамыту, өңірлердегі инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңа заманға сай дамыту жұмыстарының атқарылуы туралы да кеңінен ой қозғалғанын жақсы білеміз. Президент көлік-логистика саласы туралы айта келіп: «Бұл саланың әлеуеті өте жоғары. Мұнда тек инфрақұрылым туралы сөз болып отырған жоқ. Экономиканың барлық дерлік секторы осы іргелі салаға келіп тоғысады. Сондықтан, Үкіметтің алдына заманауи инженерлік және сервистік инфрақұрылымы бар көлік-логистика тораптарын салу, теңіз порттарын, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын жаңғыртып жөндеу, сондай-ақ тиімді цифрлық экожүйе қалыптастыру міндеті қойылды» деп атап өтті. Жалпы мемлекеттің де алға қойған саяси бағдары мен басты ұстанымы – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірлерде тұрғындардың тұрмыстық өмірін жақсарту арқылы елдің жаңа заманға сай дамуына кеңінен жол ашу.
Жоғарыда атап өткендей, ауданда инженерлік-инфрақұрылым қайта жүйелерін жаңғыртуға немесе қайта салуға баса мән беріліп, бұл мақсатта жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын күнделікті өмірде көзбен көріп жүрміз. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарға табиғи газ жүйелері мен ауызсу құбырларын тартумен қатар, ондағы қанағаттанарлық автомобиль жолдарының да үлесін арттыру маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Бұл бағытта өңірде қолға алынған бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылып, өз жемісін беру үстінде. Тұрмыстық игіліктерді арттыру ісінде былтыр да қыруар жұмыс атқарылды деуге болады.
Жергілікті атқарушы органның ресми ақпаратына сәйкес, 2025 жылға дейін аудан тұрғындарын таза ауызсумен және табиғи газбен қамту бағытында бірқатар жоспарлы жұмыстар қолға алынып, сәтімен жүзеге асырылды. Бұл мәселелер мұнымен қоса Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарында да межеленгенін айтуға тиіспіз. Бұл бағытта кейінгі жылдары аудан көлемінде қыруар жұмыстардың атқарылып, тиісінше, мұның тұрғындар тұрмысын арттыруға тигізіп отырған оң әсерін баса айтқан жөн.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жақсартып, инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту жұмыстарына тікелей жауапты саналатын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, ауданда тұрғындарды таза ауызсу жүйелерімен қамтудың үлесі әлдеқайда артып отырғанын анық байқаймыз.
Аудан тұрғындарын тұрмысқа ең қажетті игілік саналатын ауызсумен қамту үлесін таратып айтар болсақ, 2024 жылы ауданға қарасты алты бірдей елдімекенге жаңадан ауызсу құбыры тартылғаны белгілі. Олар – Түктібай, Ақтөбе ауылдары. Ұзақ жылдан бері таза ауызсуға зәрі болып келген бұл ауылдарға ауызсу құбырын тартуға республикалық бюджеттің есебінен қыруар қаржы бөлініп, осының есебінен жұмыс уақтылы әрі сапалы атқарылды. Сонымен қоса, бұрнағы жылы өңірге қарасты Қарасу, Көктас, Күркіреусу және Амансай елдімекендеріне кешенді-модульді блок орнату арқылы ауызсу кіргізілді. Тұрмыстық игіліктердің артуына және күнделікті тұрмыс-тіршіліктің жақсарғанына ауыл тұрғындары да дән риза.
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісінде табиғи газдың алатын орны өте маңызды. 2024 жылдың қортындысымен ауданға қарасты 47 елдімекен табиғи газбен қамтылып, газбен қамту көрсеткіші пайызға шаққанда – 95,9 пайызды құраса, былтыр өңірге қарасты Билікөл ауылдық округінің Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарына кварталішілік газ тарту және магистралды газ тарту желілерінің құрылысы жүргізіліп, бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Бұрын ошаққа көмір жағып, күл шығарған аталған ауылдың тұрғындары ендігі кезекте отын-судың қиындығынан біржолата құтылды. Былтыр Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Билікөл ауылдық округіне толықтай газ берілді. Ендігі кезекте жекелеген тұрғын үйлерге газ құбыры кіргізіліп жатыр.
Басты қатынас саналатын автомобиль жолдарының да көрсеткішін арттыру арқылы тұрғындардың тұрмысын жеңілдетуге болатынын жақсы білеміз. Бұл бағытта кейінгі жылдары аудан көлемінде қыруар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, 2024 жылы аудан көлемінде барлығы 40 жобаның аясында 44,66 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, былтыр өңір жолдарының жағдайын жақсарту бағытында 28 жобамен жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында 28,38 шақырым жол жөнделсе, жергілікті бюджет қаражатының есебінен 10 жобамен жұмыс жүргізілді. 2025 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті аудандық мәндегі автожолдардың үлесі – 99 пайызға, ал елдімекендердегі көше жолдары бойынша бұл көрсеткіш 91 пайызға жеткізілді.
Тұрмыстық игіліктің тұрғындар игілігіне бағытталғаны қуанышты жағдай. Міне, осылай атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңір тұрғындарын ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетіп отыр. Қуаныштың еселене беруіне біз де тілек қосамыз.

Таңдаулы материалдар

Close