Basty bet
Қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады?
Қаржылық сауат дегенде сізге қандай ой келеді? Санаңызда «Ол не екен?» деген сауал туған шығар немесе қаржы жөнінде сауатты болу қиын деп ойладыңыз ба? «Банк қызметкері емеспін, маған қаржылық сауатты болудың қажеті не?» деуіңіз де мүмкін. Ал шындығында, қаржы – қайда барсақ та алдымыздан шығатын, бізді қоршап жатқан ұғым. Сондықтан қаржы тұрғысынан сауатты болу өмірімізге оң әсерін тигізбей қоймайды.
Бұл мақалада ақшаңызды дұрыс басқарып, қаржылық тәуелсіз болуыңыз үшін қаржылық сауаттылықтың негіздерімен бөліскіміз келеді. Жалпы, қаржылық сауаттылық дегеніміз – қаржы, жеке жинақ және оны басқару тәсілдері жөніндегі білім деңгейі.
Қаржылық сауаттылықтың ең негізгі ережелері
Қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік беретін бес ереже бар:
• Әрқашан тапқан табысыңыздан азырақ жұмсаңыз;
• Қымбаттап жатқанды сатып алуға тырысыңыз;
• Арзандап жатқанды мүмкіндігінше сатып алмаңыз;
• Ең алдымен өзіңізді негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз етіңіз;
• Заттың бағасын ғана емес, оны ұстауға кететін шығынды да ескеріңіз.
Жоғарыдағы ережелерге сүйенер болсақ, бірінші кезекте тұрғын үй мәселесін шешу маңызды. Себебі жылжымайтын мүліктің болуы – басты қажеттілік. Бағасы жоғары болғандықтан, пәтер немесе үй сатып алу қиын екені рас. Десе де, тұрғын үй алуды бірінші орынға қою керек.
Үй алғанда болашақта бағасы қымбаттайтынын таңдаған дұрыс. Оны тез арада, қымбат бағаға сатуға болатындай жөндеген жөн. Егер онда ұзақ тұруды жоспарламасаңыз, оған дизайнерлік жөндеу жасамай-ақ қойыңыз. Өйткені сату кезінде дизайнерлік жөндеу өтелмейді, тіпті пәтердің сатылуын қиындатуы да мүмкін.
Ақшаны қымбат автокөлікке немесе саяхатқа тұрғын үй, жақсы білім, денсаулық сияқты негізгі мәселелер шешілген соң жұмсаған орынды. Ал көлік алу мәселесіне келсек, оның құнынан бөлек, көлікті сатып алған соң оған жұмсайтын шығынды да алдын ала ойлау керек. Сіз бар жиған-тергеніңізді сарп етіп қымбат көлік алдыңыз делік, бірақ оның сақтандыруы, салығы, қымбат бөлшектері, қызмет көрсетуі мен аксессуарлары сізді сазға отырғызуы мүмкін.
Қаржылық мәселелерді шешуді неден бастау керек?
Негізгі ережелерден басқа қаржылық сауатты болуға және жиі ұшырасатын қателіктерге жол бермеуге көмектесетін қосымша ережелер де бар.
1. Несие алу керек пе?
Несиені үш жағдайда алуға болады:
• Тұрғын үйге;
• Өндіріс құралдарына;
• Емделуге.
Несиені автокөлікке, ойын-сауыққа, техникаға (егер ол жұмысқа қажет болмаса), киім-кешекке және тағы басқаға алуға, екі, үш және одан да көп несиені біріктіруге болмайды. Сондай-ақ жаңа несиені тек алдыңғы төлемді толық өтеген соң ғана алған дұрыс.
2. Пәтер мен көліктің құны
Сіз алатын автокөліктің ең жоғары құны 12 ай мөлшеріндегі табысыңызға тең болуы керек. Мысалы, сіздің жалақыңыз 120 мың теңге болса, көлігіңіздің максималды бағасы 1 млн 440 мыңды құрайды. Мұндай көлікпен жүру тиімді болады, сізге қаржылық тұрғыдан жүк болмайды.
Ал тұрғын үйдің ең жоғары құны – 4 жыл ішіндегі отбасылық табыс. Мысалы, сіздің айлық табысыңыз 120 мың, ал жолдасыңыздікі 90 мың теңге деп алайық. Жиынтық табыс айына 210 мың, ал 4 жылдық табыстарыңыз 10 млн 80 мыңды құрайды. Ал бұдан жоғары бағада үй алғаныңыз – көрпеңізге қарамай көсілгеніңіз.
3. Қаржы резервтері
Кез келген адамда күтпеген жағдайларда жұмсауға болатын қаржы резервтері болу керегіне пандемияға байланысты карантин жағдайында тағы бір көз жеткіздік.
• Резервтердің ең төменгі мөлшері – 6 айдағы кіріс.
• Оңтайлысы – жылдық табыс.
Резервтердің осындай мөлшері уақытша қиындықтардан жеңіл өтуге немесе қажет кезде мамандық ауыстыруға мүмкіндік береді.
4. Көп кездесетін қаржылық қателіктер
Қаржылық сауаттылықтың негіздері адамдар жиі ұрынатын қателіктерден аулақ болуға көмектеседі. Несиеден қалай құтылам, қарызды қалай қайтарам деп алаңдамайтын боласыз. Төменде жеке қаржысы бар адамдардың кең тараған қателіктеріне тоқталдық:
• Тапқан ақшаңыздың бәрін жаратып тастайсыз, резервтер жиналмайды;
• Жиі эмоция жетегінде бір затты сатып алып, кейіннен қолданбайсыз;
• Қазір ала алатынды емес, әзірге сатып алуға мүмкіндігіңіз жоқ дүниені алғыңыз келеді. Нәтижесінде, несиемен сол дүниеге қол жеткізіп, несиені төлей алмай қиналасыз немесе ол затты алуды кейінге қалдырып, мүмкіндігіңізден нашар өмір сүресіз.
Материал ақпарат көздерінің
мәліметтерінен дайындалған