Basty bet

Кәсіптің көзін тапқан, байлықтың өзін табады!

қайтарымсыз грант қаражаты кәсіпкерлік бастамаға үлкен қолдау болуда

«Әлемнің әміршісі – еңбек», «Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Шын мәнінде, адал еңбекке бет бұрып, осынау өміршең құндылықты қазіргі нарықтық заманға сай кәсіпкерлікпен ұштастырып отырған азаматтар арамызда аз емес. Әлбетте, шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жайып, өркендеуіне мемлекет тарапынан да тиісті бағдарламалар арқылы нақты көмек-қолдаулар көрсетіліп отырғаны көңіл қуантады.
Бұл маңызды мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларынан да кеңінен көрініс тауып, оған тиісті көмек-қолдаулар жасау жөнінде шешімдер қабылданып отырғанын тағы білеміз. Сайып келгенде, кәсіпкерлік саласы – өмірдің өзегі, тәуелсіз еліміздің дамуына, халық тұрмысының да жақсаруына елеулі әсер етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап»,- деп жылдың басты құжатында атап көрсетілуі де жайдан-жай емес. Президенттің: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды»,- деген пікірінде де көп мағынаның жатқаны анық.
Еліміздегі халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларға қаржылай көмек-қолдау жасау бағытындағы маңызды жұмыстардың дені негізінен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» аясында жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Ұлттық жобаның аясында біздің өңірде де жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік. Тиісінше, биыл ауданда 2022 жылдың 12 айында жылдық жоспарға сәйкес, кәсіпкерлік бастамаларға және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражатын 182 азаматқа беру көзделген болса, есепті мерзімде жалпы 177 қатысушының бизнес-жобалары мақұлданды. Оның ішінде, 124-і жас азаматтар, 53-і әлеуметтік осал топтардың қатарындағы азаматтар. Азаматтарды мемлекеттік грант қаражатымен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен жалпы 216861,0 мың теңге бөлініп, толықтай игерілді.
Қосымша айта кететін болсақ, «Бастау Бизнес» жобасы аясында қатысушылар кәсіпкерлік негіздеріне өткен жылдың 25 шілдесінен бастап онлайн режімде 1 191 азамат оқытылып, оның 891-і сертификаттарға ие болды. (Жоспар – 302 адам, орындалуы- 295,0%). Бұл аудан әкімдігіне қарасты халықты жұмыспен қамту орталығының ресми мәліметі. Әлбетте, бұл бағыттағы маңызды жұмыстар биыл да өз жалғасын табады.
Сананы тұрмыс билеген, бір жағынан қарапайым тұрғындарды нарықтағы қымбатшылық қыспаққа алған мынадай қиын-қыстау кезеңде мемлекет тарапынан беріліп отырған қайтарымсыз грант қаражаттары жас азаматтар мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларға үлкен демеу болып отырғаны дау тудырмайды.
Жуалы ауданының аграрлы аймақ екенін ескерсек, қайтарымсыз грант қаражаты арқылы кәсіп ашып отырған азаматтардың дені өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға мүдделі. Неге? Басқа кәсіп ашуға ешқандай кедергі жоқ әрине. Алайда жуалылық кәсіпкерлер «Мал – баққанға бітеді» деген қағиданы мықтап ұстанып отырған сыңайлы. Бұл бір жағынан түсінікті де. Оның үстіне кейінгі жылдары аудан тұрғындарының дені ірі қара малдың басын көбейтіп, сүт кластерінің де қалыптасуына өзіндік үлесін қосып келеді. Содан да болар, мемлекет қолдауымен жаңадан кәсіп ашқан азаматтар да мал бордақылау мен сүтті сиыр асырап немесе жылқы малынан қымыз өндіруге күш салып, сол кәсібінен пайда табуға ұмтылуда. Бір жағынан бұл үрдіс заңды да сияқты.
Бүгінде аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметіне жүгініп, тиісті бизнес курсты сәтті аяқтап, мемлекеттен қайтарымсыз грантты ұтып алған азаматтың бірі – Нұрлыкент ауылының тұрғыны Амангелді Байнақаев. Отағасы Амангелді көп жылдардан бері үйдегі балаларының қамымен өз алдына жеке шаруалармен айналысқан. Дәлірек айтқанда, ол көктем және жаз мезгілі кезінде ауылдағы жұмыссыз азаматтарды ұйымдастырып, өзінің жеке «ГАЗель» жүк көлігімен оларды Тараз қаласының маңындағы егістік алқаптарына тасымалдаумен айналысып келеді. Жұмысшылар онда таңертеңнен кешке дейін шөп жұлу, алқапқа егілген бақша дақылдарын күтіп-баптаумен айналысып, кеш бата ауылдарына қайтып келеді. Бұл маусымдық жұмыс. Тұрақты жұмысы болмағаннан кейін отағасы 2022 жылы Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі аппаратының мамандарының бағыт-бағдар беруімен мемлекеттік грант қаражатын алуға ұсыныс білдіргенін айтады.
-Өзім көпбалалы отбасында өскенмін. Өзім құрған жанұямда да төрт бала тәрбиелеп отырмын. Үш балам мектеп қабырғасында оқиды. Ал ең кенже баламның туғаннан мүмкіндігі шектеулі. Былтыр грант қаражатын алуға өтініш білдіріп, қой бордақылауға арнап ұсынған жобам тиісті орындардан қолдау тауып, былтыр қазан айының басында қайтарымсыз грант қаражатына қол жеткіздім. Содан гранттың қаражатына 25 бас қой сатып алып, қазіргі таңда оны үйде ұстап, бордақылап жатырмын. Бордақы малдың жемшөбін алдын алдын ала даярлап қойғанмын. Малға тұрақты қарап, жемшөбін, суын уақтылы беріп отырмыз,- дейді «Әлішер» жеке кәсіпкерлігінің иесі Амангелді Байнақаев.
Мал бағу халқымыздың атакәсібі екені белгілі. Ал мұны дамытуға күш салып жатқан ауыл тұрғындарының сол кәсіпті дамытуға әрі одан пайда тапсақ деген құлшынысы бәрімізді қуантады әрине. Мал баққанға бітеді. Ал оның бабын тауып, одан мол пайдаға кенелу үшін тынымсыз еңбек етудің қажеттілігін айтпай-ақ түсінуіміз керек. Шағын кәсіпті жаңадан қолға алып, алға ұмтылыс жасауға ниеттенген Амангелді Байнақаев та дәл осындай еңбекқор жан. Жеке кәсіпкердің бұл игі бастамасына оның әкесі Наурызбай және балалары да үлкен қолғабыс жасау үстінде. Әлбетте, малдың жемшөбі мен суын уақтылы беру, дәрі-дәрмегін де уақтылы егіп, оған тиісті күтім жасайтын адамға уақытты тиімді пайдаланумен қатар еңбекқорлық та қажет. Осындай машақаты көп тірлікке ерінбеген жан ғана жетістікке жетіп, мол табысқа кенелетіні анық.
Қайтарымсыз грант қаражатын иеленген жеке кәсіпкер Амангелді Наурызбайұлы қойларды және оған қажетті жемшөпті жергілікті шаруашылықтардың бірінен сатып алып отыр. Тиісінше, бағдарлама аясында көрсетілген талаптарға сәйкес, грантты ұтып алған кәсіпкер мемлекеттің қаражатына сатып алынған малды бордақылап, оның өнімін жергілікті жердің тұрғындарына қолжетімді бағада өткеруге тиіс. Біз қолға алған кәсібін әңгімелеп отырған жеке кәсіпкер Аменгелді де семірген қойларды тірі салмақпен және дайын ет күйінде өткізуді көздеп отырғанын айтады.
«Мал өсірсең, қой өсір, Өнімі оның көл-көсір» деген ата-бабалар нақылын ұстанып, қойдың басын көбейтуді көздеп, мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған жеке кәсіпкердің бастамасы өз өміршеңдігін жоймақ емес.

Сиырдан да мол пайда бар

Аудандық газет редакциясының тілшілері Нұрлыкент ауылы тұрғындарының еңбекке бейім екенін былайғы кезде де өңір тұрғындарына кеңінен насихаттап келеді. Бұл жолғы мақаламызда біз аталған ауылдағы еңбексүйгіш жанның тағы бірін әңгімелемекпіз. Ерлі-зайыптылар Есенгелді Ерсімбетов пен Дильфуза Тұрсынбаеваның отбасы бұл ауылға 2014 жылы қоныс аударған. Олар осында келгеннен бері тұрғындардан егістік жерді жалға алып, оған көкөніс және бау-бақша өнімдерін өсірумен тұрақты айналысып келеді. Жылдағы дәстүрмен олар биыл да бір гектар алқапқа қырыққабат көшетін отырғызып, оның өнімін жинап алғанша тынбай еңбек етті. Одан бөлек, шағын алқапқа және үй іргелік жеріне дәндік және сүрлемдік жүгері, картоп, сәбіз және басқа да көкөністерді егіп баптап, өсірді. Еңбектің өтеуі де жаман болған жоқ. Өнімді өткергеннен кейін жүгерінің дәнін және сабағын да мал азығы ретінде кәдеге жаратып отыр.
Отбасында бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы еңбекқор ана былтыр қайтарымсыз грант қаражатына қол жеткізді. Гранттың қомақты қаражатына төрт бас сиыр сатып алып, қазіргі таңда оны қорасында бағып отыр. Сиырдың төртеуі де жергілікті шаруашылықтардың бірінен сатып алынған. Қазір оның екеуі сауылады. Еңбекқор жан Дильфуза апай сиырдан сауылған сүтті ауылдағы сүт жинайтын кәсіпкерге өткізетінін айтады.
-Мемлекеттен қайтарымсыз грант алу жөніндегі жоба-жоспар ойымда бұрыннан жүрген болатын. Сабақтың иненің де сәті болады емес пе. Грант алудың сәті былтыр түсті. Әрине, грантқа қол жеткізу оңай болған жоқ. Біраз уақыт еңбектендік. Мен осы орайда ауылдық округ әкімшілігінің мамандарына алғыс айтамын. Мамандардың бағыт-бағдар беруінің нәтижесінде осы тірлікті бастап отырмын. Қайтарымсыз гранттың қаражаты отбасын асырауға үлкен көмек болып отыр. Қомақты қаражатқа төрт бас сиыр сатып алдық. Оның екеуінің бұзауы бар. Құдай қаласа, екеуі ақпан айында бұзаулайды деп күтіп отырмыз. Ал қалғаны көктемде төлдейді. Жұмысымыз жаман емес. Сиырды сауып, балалардан артылғанын сүтшілерге күнделікті өткіземін. Бұл кәсіп біздің отбасымыз үшін үлкен табыс көзіне айналып отырғанын баса айтқым келеді. Алға қойған жоспарларымыз көп. Осы малдың басын көбейтіп, ары қарай тірлік жасасақ дейміз. Ең бастысы, балаларды ештеңеден қысылдырмай әрі қатарынан кем қылмай өсірсек деген игі тілегіміз бар. Менің бұл бастамама отағасы да үлкен қолдау көрсетуде. Балалар да бір жағынан көмекші,- дейді жеке кәсіпкер Дильфуза апай.
Сиырды асырау арқылы пайдаға кенелуге болатынын білеміз. Кез келген малдан мол өнім алу үшін тиісінше, оған берілетін жемшөптің де мол қоры болуы қажет. Бұл отбасы да малдың азық қорын алдын ала дайындаған. Олар мал азығына қажетті жем мен шөпті ауылдастарынан сатып алғандарын айтады. Одан бөлек, жүгерінің дәні мен сабағын майдалап турап, оны да сауын сиырға жұғымды азық ретінде беруде.
Нұрлыкент ауылы әкімінің аппараты мамандарының айтуынша, аталған округте он шақты азамат мемлекеттің қолдауын сезініп, қайтарымсыз грант қаражатына қол жеткізген. Олар негізінен мал шаруашылығы және тағы басқа кәсіптермен айналысып, тиісінше бірқатар азаматтарды да жұмыспен қамтып отыр.
Еңбектің көзін тапқан адам байлықтың өзін табатыны сөзсіз. Мемлекет тарапынан беріліп отырған қаржылай көмек-қолдауларды сезініп отырған жеке кәсіпкер азаматтардың барлығы еңбек арқылы еңселерін тіктеп, отбасында өсіріп отырған ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, қатарынан кем қылмай жеткізуді алдарына мақсат тұтып отырғандары көңіл қуантады. Табан ақы, маңдай тердің өтеуі тек адал еңбек арқылы ғана өтелмек… «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген осы болса керек!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close