Basty bet

Діни сауаттылық – заман талабы

Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтаулар мен мадақтар Аллаға лайық! Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Діни сауаттылықты арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені жасырын емес. Мәселен, бір адам иен далада жалғыз қалса, жол тауып шығу үшін сол аймақтың жолын білуі керек. Жұлдыздарға, айналадағы жер рельефіне, өсімдіктердің өсу ерекшеліктеріне қарап, бағыт-бағдар ала алатындай білімі болуы керек. Олай болмаған жағдайда жапан далада адасып, ажал құшуы әбден мүмкін. Дәл сол сияқты дін жолында да білім іздену өте маңызды. Білімі болмаса далада қалған, жол білмейтін, бейтаныс жерден жол тауып шығар білім білмейтін адам сияқты күй кешеді. Далада жалғыз қалған адам жол іздеп шаршап, аяғында әлсіреп, көзіне мұнартып сағым көріне бастайды. Бір жерден су көреді, әлсіреген денесін сүйретіп әрең жетіп қараса су жоқ. Білімі жоқ адам да тура солай… Көп адамдар интернетте бір ұстазды немесе көшеден бір жақсы дін үйретушіні таптым деп ойлап, соңында сағым құшқан әлгі жолаушының кейпіне түсіп жатқанын бүгінгі өмірде талай көріп жүрміз.
Олай болса, әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағала білім жайында не айтады екен, соны қарап көрейік. Құранның ең алғашқы сүресі: «Жаратқан раббыңның атымен оқы!» деген бұйрықпен басталыпты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Күллі мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге білім үйрену парыз!» деп, білім үйренудің мұсылмандар үшін қаншалықты маңызды екенін білдіріп отыр. Әрине, мұның бәрі бостан-босқа айтылған сөз емес. Алла Тағала да, Алланың елшісі (с.ғ.с.) де бос сөз сөйлемейді. Білімсіз адамдарды Алла Тағала қараңғы үңгірде жарықсыз қалып қойған біреулермен теңестіреді.
Шын мәнінде қараңғы үңгірде жарықсыз қалған адам көз жанарынан айырылған адаммен тең болып қалмай ма? Мінекей, бүгінгі күні көптеген бауырлар діни білімсіздіктен осындай көрсоқырлық кейіпке түсіп жатқанын көрудеміз. Олар аздаған термин сөздерді айтып, анау олай болады, мынау былай болу керек деп көсемсіген өзі сияқты білімсіздерді ғалым көріп, солардың етегінен ұстауда. Ақиқаттың қайда екенін екшеп алу үшін ең алдымен ізденіп оқу керек. Алғашқы сатысын мешіттердің жанындағы сауат ашу курстарынан бастап, ары қарай медреселерде және университеттерде оқып жалғастыруды қиын көреміз. Жалқаулыққа салынамыз. Соңында бидғат қуалап, оның арысы жиһад қуалап жүргеніміз. Мінекей, осындай діни білімсіздіктің соңы талай отбасы үшін қайғылы аяқталғаны да бүгінгі күні ешкімге құпия емес.
Ал мұндай жағдайлар болмас үшін не істеу керек? Өте маңызды сұрақ. Ол үшін әрбір ата-ана ұл-қыздарының діни сауатты болуына көп көңіл бөлуі керек. Діни сауаттылықтың пайдасы ұшан-теңіз. Біріншіден, теріс жолға түсіп, адасудан аман болады. Екіншіден, ата-ананың қадіріне жетіп, оларға қызмет етуге құштар болады. Үлкенге құрметті, кішіге ізетті үйренеді. Не істесе де Алла разылығы үшін істеуге ұмтылатын болады. Парақорлық, зинақорлық, бәлеқорлық және жалақорлық деген сияқты көптеген жаман әрекеттерден аулақ болады. Тән тазалығы мен жан тазалығына көңіл бөліп, оның соңы қоғам тазалығына алып келеді.
Осы ретте, діни сауаттылық жайында көп айтыла бермейтін бір мәселені айта кетуді жөн көріп отырмыз. Діни оқу оқимын деген ұл-қыздарына көп ата-ана «оны не істейсің?», «молда болып жүресің ба?» деген сияқты уәждер айтып, жібермей жатады. Бұл – қате түсінік. Діни оқу оқығанның бәрі бірдей молда болады деген әңгіме жоқ. Біріншіден, қазіргі уақытта көптеген медреселер колледж болып мемлекеттік тіркеуден өткен. Яғни, бұл оқу орындарының дипломдары барлық жерде жарамды деген сөз. Одан ары қарай жоғары оқу орнын бітіргендерге, кез келген жұмысқа тұруына ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі таңда көптеген жұмыс орнына діни сауаты бар мамандар керек екені де белгілі. Демек, діни сауатты болу деген тек қана мешіт қызметкері болу деген түсінік қалыптастырмау керек.
Ардақты ағайын, ұрпағымыз бақытты өмір сүрсін десек, тек қана материалдық байлықпен шектелмейтін, рухани байлыққа көңіл бөлетін діни сауатты ұрпақ болуын тілейік. Ол үшін жоғарыда айтылған сатылармен балаларымыздың діни сауат алуына ықпал етейік. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген аталар сөзінің бүгінгі таңда маңызы арта түсті. Соның ішінде бүгінгі таңда онша мән бермей отырған білім саласы, бұл, діни білім. Абай атамыз да: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» деп ақылды адамның қандай болатынын әдемі сипаттап берді емес пе?!
Құрметті бауырлар! Пайдалы білім алайық және алған білімімізге амал етейік! Еліміздің келешегі – жастардың ізгілер қатарынан болуын тілейік!

Ғалымжан Қонақбаев,
аудандық «Толымбайтегі Зиябек» мешітінің бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close