Basty bet

Жарнама ісін жандандырған кәсіпкер

Жалпы, бүгінде ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту негізі қалыптасып, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында тиісті шаралар атқарылып келеді. Оған бизнес жобаларды мақсатты игеріп, өз алдына дербес кәсіп ашуды қолға алған азаматтар қатарының күн санап артуы дәлел.
Соның бірі Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлнұр Туғанбаева – өңірдегі сыртқы жарнама саласын дамытуға үлес қосып жүрген іскер жандардың бірі. Ол баннер, стенд және түрлі ақпараттық көрнекі жарнама түрлерін дайындау арқылы аудан кәсіпкерлеріне, мекемелер мен тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан Гүлнұр Рысқұлбекқызы жолдасы екеуі 2016 жылы «Жастар аллеясы» маңынан сырғанақ алаңын ашады. Сырғанаққа ауданның тұрғындары ғана емес, басқа ауылдардан және Тараз қаласынан келетін. Қыста сырғанақ алаңы кәсібімен айналысса, жазда сол жерде тәтті мақта сататын. Сол кәсіппен айналысып жүріп олар жарнама шығаруды, баннермен бірге мөр және штамп дайындауды, одан бөлек кружкаға, жастыққа және футболкаға сурет салудың қыр-сырын үйренеді.
Ізденіс пен еңбектің арқасында ол өз ісін ашып, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгерді. Бүгінде оның шеберханасында түрлі көлемдегі баннерлер, жарнамалық тақтайшалар, мерекелік безендірулер мен ақпараттық стендтер дайындалады. Әр тапсырыс берушінің талабын ескеріп, сапа мен уақтылы орындауды басты назарда ұстайды.
-Әрбір жарнама – тапсырыс берушінің айнасы. Сондықтан жұмыс барысында ұқыптылық пен жауапкершілік бірінші орында тұрады. Мен тапсырыс алған әр жұмысымды тиянақты және сапалы істеуге тырысамын. Өйткені, олар бізге үлкен үміт артып тапсырыс береді. Баннерді дайындайтын материалды біз алғашында Алматы қаласынан алдыртып жүрдік. Қазіргі таңда Тараз қаласына тапсырыс беріп алдыртамыз. Бізге көбінесе ауыл, аудан әкімшіліктері, аудандық, ауылдық кітапханалар, мәдениет үйлері және жеке адамдар тапсырыс береді.
Мұнда біз бірінші станоктан суретті шығарамыз, содан кейін ПВХ материалға жабыстырамыз, әрі қарай қолмен кесіп жасаймыз. Мұның бәрі үлкен күш. Ешқандай жұмыс әшейін келмейді. Бұл жерде қаншама тер төгіледі. Өйткені, тапсырыс берушінің көңілен шығатындай етіп дайындаймыз. Билборд, стенд дайындау атүсті қарайтын жұмыс емес,- дейді кәсіпкер.
Тек қана жарнама кәсібімен тоқтап қалмай, 2020 жылы аудан орталығындағы саябақты жалға алып, балалар ойнайтын алаңшалар ашады. Саябаққа кешке қарай аудан тұрғындарының дені жиналып, саябақта қыдырып, балаларын ойнатады. Олар алғашында саябақты жалға алып, уақыт өте олар саябақты уақытша басқару құқығына ие болады.
Кәсіпкердің жолдасы Мадияр бейнебақылау камераларын орнатумен де айналысады. Ол жеке үйлерге, кәсіпорындарға тапсырыс арқылы бейнебақылау камерасын орнатады. Тағы да айта кететін жайт, олар жарқырайтын көлемді әріптер жазуменде айналысады. Мәселен, аудан орталығында орналасқан «Топжарған» оқу орталығындағы «Топжарған», Нұрлыкент ауылының атауы жазылған аркадағы «Нұрлыкент», сол ауылдағы мешіттің және Б.Момышұлы ауылындағы Арман-супер маркетінің жазуларын үлкен кескіндеме арқылы дайындаған. Бұл дүниелерге қарап отырсаңыз әр жұмыста қаншама еңбек жатқанын көруге болады.
Уақыт өткен сайын Гүлнұр Туғанбаеваның қызметіне сұраныс артып келеді. Аудан көлеміндегі дүкендер, білім беру мекемелері, мемлекеттік ұйымдар мен жеке кәсіпкерлер оның тұрақты клиентіне айналған. Бұл – сапалы еңбек пен сенімнің нәтижесі.
Кәсіпкер алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, жаңа дизайн бағыттарын енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жастарды кәсіпке баулып, тәжірибесімен бөлісуді де мақсат етеді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close