Basty bet

Ұлт байлығы – ана мен бала денсаулығы

Ана мен бала денсаулығы – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Керек десеңіз, ұлт байлығы. Себебі, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.
Бүгінгі таңда Президент тапсырмасы бойынша еліміздің барлық аймақтарында осы мәселеге байланысты квоталар бөлініп, нақты жұмыстар атқарылуда. Сондықтан біз бүгін экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы бойынша ауданға бөлінген квота және аудандағы аналар денсаулығы жайына тоқталмақпыз.
Аталған мәселелер туралы аудандық емхананың аға акушері Лиза Насирқызы әңгімеледі.
-Туу жасындағы әйелдер деп 15 пен 49 жас аралығындағы әйел затын айтады. Ауданда бүгінгі таңда бұл жаста 8191 жан бар. Статистика бойынша оның 756-нің экстрагенетальдық, яғни, босануға қабілеттіліктен бөлек, атап айтқанда қаназдық, бүйрек және зәр шығару жүйесінің аурулары, қан қысымы, т.б аурулары бар,- дейді Лиза Насирқызы.
. -72 әйел тууға мүлдем қарсы көрсеткіші бар әйелдер. Яғни, психикалық, онкологиялық, қан қысымының үшінші, төртінші сатысы бар т.б жүйелік аурулары бар әйелдер. 73 әйелдің 20-сы қыз баласы. 52 әйел жүктіліктен сақтану контроцептік заттармен қамтылған. Осы тұста айта кететін жағдай, жалпы әйелдерді жүктіліктен сақтануға арналған контроцептік заттармен тегін қамтамасыз ету мемлекет тарапынан қарастырылған.
Ана мен баланың денсаулығын нығайтуда отбасын жоспарлаудың маңызы зор. Яғни, әрбір әйел бала көтермес бұрын тиісті зертханалық тексеруден өтіп, нәтижесін алған соң денсаулығына қарай ем қабылдап, дәрігермен кеңесе отырып, дәрігердің рұқсатымен отбасын жоспарлауы керек. Отбасын дұрыс жоспарлаудың ана мен баланың денсаулығына да, қоғамға да тигізер пайдасы зор. Өкінішке орай, бізде басқаша түсінік қалыптасқан. Үлкен кісілердің өзі жас келін бірінен соң бірін босанып алсын деп ойлайды. Бұл дұрыс емес.
Жалпы әйел-ана баласын екі жасқа дейін емізуі қажет. Ана сүтінің бала денсаулығының мықты болуы мен ақыл-ой қабілетінің дамуына тигізер пайдасы зор. Баланы емізуді тоқтатқаннан кейін әйел өзінің денсаулығын жаңа айтып өткенімдей тексеріліп, емделіп, демалып барып бала көтеруі қажет. Бұл – қауіпсіз ана болудың бірінші қағидасы. Отбасында жүкті әйелдің тамағы, тынығуы, көңіл күйіне аса мән берілуі керек. Жалпы ана мен балаға қамқорлық қажет.
Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша біздің ауданға 2025 жылға 12 квота бөлінді. Ауданда 2025 жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген 53 отбасы тіркелген болатын. Бүгінгі таңда осы тізім бойынша 12 жанұя түрлі комиссия тексерулерінен өтіп, қолдарына рұқсаттарын алуда. Тізімнің жылжуы ашық түрде, яғни тізімге енген кез келген отбасы көре алады.
Бағдарламаның мақсаты – бала сүйе алмай отырған отбасының бала сүю бақытына ие болуына мүмкіндік жасау. Экстракорпоральды ұрықтандыруды жасау үшін ері мен әйелі моральдық тұрғыдан да дайын болуы керек. Тексеру барысында ерлі-зайыптыларға бұл мәселелер жан-жақты түсіндіріледі.
Өздеріңіз білесіздер, бүгінде елімізде тұрғындардың денсаулығын сақтау мен түрлі аурулардың алдын алуда «Ұлттық скрингтік бағдарлама» деп аталатын жаңа жүйе жұмыс жасайды. Скринг – бұл ерте сатыда ауруды және қауіп-қатер факторларын анықтау үшін қолданылатын, сонымен бірге, емдеу тиімділігін арттыратын және асқынудың дамуының алдын ала отырып, белгілі жастағы дені сау адамдарды профилактикалық- медициналық тексеруден өткізу. Бұл мәселе тұрғысынан әйелдер де жасына қарай жыныс жолдарында кездесетін аурулар, сүт безі аурулары, т.б аурулар бойынша тексеруден өтеді.
Скрингтен өтуге әр адам өзі мүдделі болуы керек. Өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған адам скрингтен өтуді бірінші кезекке қоюы қажет. Скринг ауруды алдын алады, менің өмірімді ұзартады деген түсінік қалыптасуы тиіс. Сонда ғана біз халықтың өмір сүру жасын ұзарта аламыз. Алайда, бізде әлі де өз денсаулығына немқұрайдылықпен қарайтындар көп. Мәселен, жатыр мойнының жарасы әйелді қатты мазаламайды. Алайда ол қатерлі ісік ауруына алып келуі мүмкін аурудың бірі. Уақтылы тексеруден өткен әйел жатыр мойны жарасын дер кезінде емдетіп, өз өмірін ұзарта алады. Бізде тексеру нәтижесінде ауруы анықталып, дәрігердің бақылауына алынып, емделіп, жазылып жатқан әйелдер бар,- дейді Лиза Насирқызы.
Жалпы балалардың денсаулығын нығайту үшін жүкті әйелдің психологиялық-әлеуметтік ахуалына мән беріп, дұрыс жолға қою керек. Жүкті әйелге отбасылық, жалпы қоғам тарапынан да қолдау дұрыс көрсетілуі қажет,- дейді аға акушер.
Ана мен бала саулығы – отбасы бақыты. Бақытты отбасы – ұлт болашағының айнасы. Сондықтан мемлекет тарапынан да, қоғам, отбасы тарапынан да аналар мен балаларға деген қамқорлық әрдайым өз деңгейінде болуы керек. Әсіресе, кез келген ана мен бала үшін отбасы қолдауы маңызды.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close