Basty bet

Ардагерлер ерлігі – ұрпаққа аманат

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына арналған тарихи дата. Осыған орай Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасы “Бесағаш” шекара бөлімшесінің жеке құрамы және Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Ұрпаққа бүгін аманат» тақырыбында тағылымды іс-шара ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – Ауғанстан жеріндегі соғысқа қатысқан ардагерлердің ерлігін дәріптеу, олардың елі үшін еткен қызметін жас ұрпақ санасына сіңіру және отансүйгіштік рухта тәрбиелеу болды.
Іс-шараға Жамбыл облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» одағының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Дүкенбай Ермеков қатысып, ардагерлік жолынан сыр шертті. Ол жас буынға соғыстың ауыртпалығы, жауынгерлердің бірлігі мен батырлығы туралы әңгімелер айтып, сарбаздарды бейбіт күннің қадірін бағалауға шақырды.
Кеш барысында Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ерлікке толы өмір жолы үлгі ретінде ұсынылды. Патриоттық тақырыпта өлеңдер оқылып, әскери рухты көтеретін әндер шырқалды. Ардагерлер өз естеліктерімен бөлісіп, сол бір отты жылдардың елесінде қалған оқиғаларды жас сарбаздарға жеткізді.
Шара соңында жиналғандар майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етті. Ардагерлерге алғыс білдіріліп, ерлік пен елдіктің мәні тереңнен түсіндірілді.
«Ұрпаққа бүгін аманат» атты әдеби-патриоттық кеш жас буын үшін тарихи жадыны жаңғыртатын, елді бейбіт күннің бағасын білуге шақыратын маңызды тәрбие сағаты болғаны анық. Мұндай шаралардың өскелең ұрпақты ел қорғау рухында тәрбиелеуге қосар үлесі мол екендігі айқын.

Камила Әбсеметова,
кітапханашы

Таңдаулы материалдар

Close