Basty bet
Тәтті кәсіптің табысты жолы
Қазіргі таңда дәмді торттың түр-түрін пісіріп, тапсырыс қабылдау көп қыз-келіншектің табыс көзіне айналып отыр. Цифрлық жаһандану заманында барлық мүмкіндік ел игілігі үшін күн санап дамып келеді. Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, кәсіпкер, көпбалалы ана Жанерке Тасыбекова да “Жанерке” кондитерлік цехын ашып, жерлестерін тәтті торт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Бауыржан Момышұлы ауылы – еңбекқор жандарымен, іскер азаматтарымен баяғыдан танымал мекен. Солардың қатарында өз кәсібін адал еңбегімен дамытып отырған жеке кәсіпкер, кондитер Жанерке Тасыбекованы ерекше атап өтуге болады.
Жанерке – туған ауылында тұрып, заманауи кәсіпті игеріп, табандылық пен талғамды ұштастыра білген іскер жан. Ол кондитерлік өнімдер дайындауды тек табыс көзі емес, жүрек қалауымен таңдап алған. Бүгінде оның қолынан шыққан тәттілер ауыл тұрғындарының ғана емес, көршілес елді мекендердегі тапсырыс берушілердің де сұранысына ие.
-Кондитерлікті мен үйде бала күтімінде отырған кезімде үйрендім. Алғашқыда жай қызығушылық болды. Тәттілерді тек қана отбасыма дайындап бердім. Өйткені, алғаш сынаушыларым, дайындаған тәттілерімнің дәмін көруші отбасым болды. Отбасым маған әрқашан мотивация беріп отырады. Жай ғана қызығушылықпен басталған жұмысым қазіргі таңда үлкен кәсіпке айналып отыр. Тортқа деген алғашқы тапсырысым 2019 жылы басталды. Ол уақытта аудан тұрғындары қолдан пісірілген тортты ала бермейтін. Бірақ уақыт өте тапсырыстар саны арта бастады. Өткен жылы Үкіметтен қайтарымсыз мемлекеттік грант ұтып алып, берілген қаржыға шағын кондитерлік цех аштым. Ішінде барлық жағдай жасалған. Ол жерде біз әртүрлі тәттілер пісіреміз. Мәселен, трайфол, чизкейк, бәліш, тәтті бәліштер және біз тапсырысқа самса, құймақ дайындаймыз. Одан бөлек, біз кішкентай торт бентодан бастап күнделікті тойға,той торттарын және 3д эксклюзивті торттарды да тапсырысқа әзірлейміз.
Цех тура үйімнің жанында. Балаларыма да қарап, тапсырысымды да орындап үлгеремін. Кейде үлкен тапсырыстар қабылдап жатамыз. Сол кезде балаларым не болды екен деп уайымдап отырмаймын.
Қазіргі таңда цехта екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бірі өзім сияқты тәтті бәліштерді дайындаса, екіншісі сол кондитерлік цехтың тазалығына жауап береді,- дейді Жанерке Қарабайқызы.
Жанеркенің айтуынша, кәсіпкерлік жолы оңай басталған жоқ. Алғашқы қадамдары үй жағдайында қарапайым торттар мен тәттілер дайындаудан басталды. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, өз ісіне деген сенімі нығая түсті. Жанерке Тасыбекова әрбір жасаған өнімінің сапасына, дәміне және сыртқы көрінісіне ерекше мән береді. Сол себепті оның кондитерлік өнімдері тапсырыс берушілердің көңілінен шығып келеді.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсібін заңды түрде жүргізуі – оның жауапкершілігі мен алға қойған мақсатының айқын дәлелі. Ол үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаңа рецептерді меңгеруге, заманауи кондитерлік әдістерді қолдануға тырысады. Әлеуметтік желілер арқылы өз өнімдерін таныстырып, тұтынушылармен тығыз байланыс орнатуы да – бүгінгі кәсіпкерге тән белсенділіктің көрінісі.
-Бұл кәсіпке қызығушылар өте көп. Көп адамдар маған шеберлік класс өткізуді сұрайды. Кондитерлік цехтың сыйымдылығы 10 адамға арналған шеберлік класс өткізуге болады. Осы күнге дейін қаншама қыздар келіп, осы кәсіптің қыр-сырын үйренді.
Үлкен тапсырыстар түскенде тіпті балаларым да көмектеседі. Үлкен ұлдарым Жалғас пен Шыңғыс торт дайындаудың қыр-сырын жақсы меңгеріп алған. Болашақта олардан жақсы кондитер маманы шығады деген ойдамын,- дейді ол.
Жанерке үшін ең бастысы – адал еңбек пен тұтынушының ризашылығы. Ол ауылда отырып-ақ кәсіп жүргізуге болатынын, ниет пен еңбек болса, мүмкіндік әрдайым табылатынын өз ісімен дәлелдеп жүр. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерге үлгі болып, қолынан келгенше ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісуден де қашпайды.
Бүгінде кәсіпкер болашаққа нақты жоспарлар құрып отыр. Кондитерлік өнім түрлерін көбейтіп, кәсібін кеңейту – оның алдағы мақсаттарының бірі. Бұл тек жеке жетістік қана емес, ауыл экономикасының дамуына қосылған үлес деуге болады.
Осындай еңбекқор, талапты жандардың арқасында ауыл тіршілігі жанданып, кәсіпкерлікке деген қызығушылық арта түсуде. Жанерке Тасыбекованың өмір жолы мен еңбегі – туған жерінде адал еңбек етіп, табысқа жетемін деген әрбір жасқа үлгі.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»