Basty bet

“Үздік спорт нұсқаушы” аталымына ие болды

Халық саулығының басты кепілі – саламатты өмір салты екені белгілі. Жан саулығы тән саулығынан басталатынын да жиі естен шығармаған жөн. Күнделікті аздаған уақыт спортпен айналысып, дене шынықтырудың адам ағзасына тигізер оң әсері орасан. Елдегі бұқаралық спортты дамытып, насихаттаудың маңыздылығы да осында. Бұл жөнінде Президент Жолдауында бұқаралық спортты насихаттау, спорт нысандарының көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы айтқан еді. Ал, Президент Жолдауынан туындаған бұл тапсырманы жүзеге асыру жолында еңбек ететін мамандардың біліктілігі мен ұйымдастыру қабілетінің жоғары болуы маңызды. Себебі, бұқаралық спортты насихаттау үшін мамандар жастарды бір арнаға тоғыстырып, дене шынықтырумен тұрақты айналысуға және саламатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Осы ретте, 2025 жылды сәтті қорытындылаған аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының мамандарының еңбегі бағаланып, марапатқа ие болды. Яғни, жыл соңында Жамбыл облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен спорт саласындағы ең үздік мамандарды ұлықтауға арналған “Жыл үздігі-2025” марапаттау сәті өтті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен бұл айтулы шарада Жуалы ауданының мерейі үстем болды. Ауданның бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының маманы Ринат Диеров жоғары кәсіби шеберлігі мен спорт саласына қосқан үлесі үшін “Үздік спорт нұсқаушысы-2025” номинациясымен марапатталды.
Ринат Далмұханұлының бұл жетістігі – оның ауданның бұқаралық спортты дамыту жолындағы еңбегінің айқын жемісі. Өйткені, оның бастамасымен аудан көлемінде спорттық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бұқаралық спортқа қатысушылардың қатары артуда.
Жас маман еңбек жолын 2023 жылы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығында спорт нұсқаушысы ретінде бастаған. Өткен жылдан бастап ол аталған орталықта қызметін одан әрі әдіскер ретінде жалғастырып келеді.
Ринатты әріптестері оның ерекше іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігін жоғары бағалайды. Ол ұжымда тек әдіскер ретінде ғана емес, сонымен қатар, көшбасшы және жастарға үлгі болатын маман ретінде танылып, спорт нұсқаушыларына жан-жақты әдістемелік көмек көрсетіп, олардың кәсіби дағдыларын тұрақты түрде дамуына үлес қосуда. Ринат түрлі оқу-әдістемелік жиындар, іс-тәжірибелік сабақтар мен семинарлар ұйымдастырып, мамандардың кәсіби деңгейін көтеруді қолға алады.
Бір айта кетерлігі, Ринат Мыңбұлақ ауылдық округінде спорт нұсқаушысы болып жұмыс істеген кезінде волейболдан арнайы үйірме ашып, ауыл жастарының спортпен шұғылдануына мүмкіндіктер жасауға күш салады. Бұл үйірмеде ол тек ойыншылардың техникалық деңгейін көтеріп қана қоймай, командалық рухты және ынтымақтастық пен жауапкершілікті қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Ринат баптаған команда аудандық мектеп лигасында І орыннан көрініп, жоғары нәтижемен көзге түседі. Қазіргі таңда оның оқушылары аудан құрамасында ойнап, аудан спортын одан әрі дамытуға үлес қосуда.
Сонымен қатар, Ринат аудандық мемлекеттік қызметшілерден құралған волейбол командасын баптайды. Оның жетекшілігіндегі бұл команда аудан мен облыстың бес дүркін чемпионы атанып, жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізіп, – бірлескен жұмыстың нәтижесін көрсетіп отыр.
Жарыс кезінде Ринат әдіскер ретінде ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты үйлестіріп, ол аула ойындары, көше ойындары, «Жуалы Барысы» жарыстары, сондай-ақ, қызметкерлер арасындағы кап турнирлерге төрешілік етіп, жарыстардың әділ және кәсіби деңгейде өтуін қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда Ринат «Juaily Sport» Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасын белсенді жүргізуде. Парақшада 1098 жарияланым бар және ол спортшылардың әрбір жетістігін мұқият қадағалап, оқиғаларды сурет және бейнежазбалар арқылы көрнекі түрде жариялап, бұқаралық спорт түрлерін барынша насихаттауда. Әлеуметтік парақшаны тұрақты түрде жүргізуінің нәтижесінде парақшаның қаралымы 650 мыңға жетіп, спорттық жетістіктерді кең аудиторияға тиімді жеткізуде.
Сонымен қатар, жас маманның демеушілерді тарту жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруының нәтижесінде тұрғындардың спортқа деген қызығушылығы арта түсуде. Демеушілерді тарта отырып Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің баскетбол командасына қолдау көрсетілуі жастарды жеңіске жетеледі. Спортшылар мен нұсқаушылар оның жетекшілігімен жарыстарда және жаттығуларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, командалық рух пен бірлікке негізделген жүйелі жұмысқа үйренді.
Ринаттың саламатты өмір салтын насихаттау, спорт мәдениетін дамыту және жастарды дене шынықтыруға тарту жолындағы еңбегі ауылдың спорттық өміріне елеулі ықпал жасап, көптеген игі бастамаларға серпін беруде.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close