Basty bet

Оқу, жұмыс және жарқын болашақ

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіретін «Серпін-2050» жобасының мақсаты – білікті мамандар даярлау.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Үкіметі жастар мәселесіне арнап, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты әлеуметтік жобаны ұсынды. Осылайша, «Серпін- 2050» бағдарламасы өмірге келді. Бірегей бағдарлама мыңдаған жастардың Батыс пен Шығыс, Солтүстік Қазақстанда білім алуына жол ашты. Кәсіптік-техникалық колледждер мен жоғары оқу орындарын да сапалы білім алып жүрген жастар осының дәлелі. Яғни, 2014 жылы бастау алған «Серпін-2050» бағдарламасының мақсаты – еліміздің еңбек ресурстары басым келетін оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, жұмысқа орналастыру болатын.
Мұның тағы бір артықшылығы – студенттерге арнайы шәкіртақы төленіп, жатақханаға орналасады, оқу орнын бітірген соң жұмысқа орналасуға да мүмкіндік мол.
Шақпақ ауылдық округіне қарасты Тәттібай Дүйсебай ауылының тұрғыны Нұрай Нұрлыбай аталған бағдарлама аясында Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Шет тілі мұғалімдерін даярлау (екі шет тілі) мамандығына оқуға түскен.
Ол 2007 жылы аталған ауылда дүниеге келген. №28 Амангелді атындағы орта мектепті 2024 жылы үздік аттестатпен тамамдайды.
-Мен алғашқыда «Серпін» бағдарламасымен түсемін деп ойламадым. Бірақ құжат тапсырар кезде осы университетті жаздым. Іштей осы оқу орнына түсетінімді білдім. Грант жауабы шыққан соң «Серпінмен» оқуға түскенімді көрдім. Басында оқығым келмегенімен, ата-анамның қолдауымен оқуға келістім.
«Серпін» бағдарламасы ұнамағанымен, кейін оның жақсы жақтары барын түсіндім.
Мысалы, мемлекеттік гранттар
аталған бағдарлама аясында жастарға
білім алу үшін беріледі. Оған қоса студенттерге
жатақханада тұру үшін барлық жағдай жасалған, тіпті кейбір жағдайларда
тұрғын үй шығындары да өтелуі мүмкін. Бұл жерде жақсы
үлгерімі үшін қосымша
стипендиялар тағайындалады. Оқуды бітірген соң жұмысқа орналасу мәселері бойынша тегін кеңес беріліп, жұмыс орындары ұсынылады.
«Серпін» бағдарламасы болғанымен, барлық жердің оқыту бағдарламалары бірдей. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің басқа университеттерден мүлде айырмашылығы жоқ. Білім беру үдерістері мен өткізілетін іс-шаралары өте жоғары деңгейде деп айта аламын,- дейді Нұрай Ерсінқызы
Мемлекет тарапынан қабылданған «Серпін-2050» бағдарламасы, өз кезегінде аз балл жинаған мектеп бітіруші түлектерге қолдау көрсетіп отырса, сенім үдесінен шығуды әрбір жас маман алдына мақсат етіп қоятыны анық. Қазір бұл бағдарлама бойынша елімізде көптеген студент білім алуда.
Студент Нұрай өз сөзінде оқу орнын жақсы үлгеріммен тамамдап, әрі қарай магистратурада оқып, білімін шыңдағысы келетін жеткізді. Сонымен қатар, өз мамандығы бойынша, болашақ ұстаз ретінде, өзінен кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәрбие беріп, туған еліне қызмет етіп, өз пайдасын тигізу басты арманы екенін айтты.
– «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түскен студенттер төрт жыл бойы жатақханамен қамтылады. Жатақханада барлық жағдай жасалған. Алғашқыда қиындықтар болғанымен, уақыт өте келе барлығымен жақсы тіл табысып, жаңа достар таптым. Мен «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскеніме еш өкінбеймін. Ең бастысы, өзіме керемет орта таптым, – дейді ол.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close