Basty bet
Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады…
ұлағатты ұстаз Сейсекүл Исматовамен кездесу өтті
Қасиетті Жуалы жерінен қалың елге белгілі тұлғалы азаматтардың түлеп ұшқаны белгілі. Жұлдызы биік Жуалы ауданын былайғы жұртшылықтың «батырлар мен генералдардың» елі деп атайтыны бекер болмаса керек. Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы Сейсекүл Исматова да жуалылық жұртшылықтың заңды мақтанышы болып саналады.
Себебі, осында туылып, алғашқы еңбек жолын ауданға қарасты Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған ұлағатты ұстаз Сейсекүл Молдабекқызы одан кейінгі жылдарда Жамбыл педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында оқытушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қазақ әдебиеті» кафедрасында аға оқытушы, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақ әдебиеті» кафедрасында да аға оқытушы, сонымен бірге кафедра құрамында оқу-әдістемелік, ғылыми зерттеу және қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 2004 жылы ТарМПИ-дің доценті атағын алған. 2006 жылы қазан айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру туралы жөніндегі диссертациялық кеңесте қазақ әдебиеті мамандығы бойынша «Шу өңіріндегі ақындық дәстүрдің қалыптасуы және Сауытбек Ұсаұлының ақындық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Қазіргі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде жемісті еңбек етіп келеді. Ақындық, жазушылық бағытында тәлім берген танымал шәкірттері қаншама.
Саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнап, тіл білімінің дамуына еңбек сіңіріп келе жатқан ұлағатты ұстаз Сейсекүл Исматованың білім беру саласындағы ерен еңбегі ескеріліп, 2014 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы, биылғы жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Жақында Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінда ұлағатты ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Сейсекүл Исматовамен кездесу кеші өткізілді. Кешке ұлағатты ұстазбен бірге қызметтес болған әріптестері, шәкірттері шақырылды. Мектеп ұжымы мен Ақсай ауылдық округі әкімінің аппараты ұйытқы болған рухани кеш барысында ұлағатты ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Сейсекүл Исматова туралы бейнеролик көрсетіліп, көрерменге таспадан ұстаздық жолдағы қызықты сәттер туралы мәліметтер ұсынылды.
Кездесуді аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, ұстазға ізгі тілегін жеткізді.
-Күні кеше ғана «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған Сейсекүл апай 20 жылға жуық қасиетті білім ошағы Мыңбұлақ орта мектебінде ұстаздық етіп, шәкірттердің талай буынын тәрбиеледі. Әлі де облыс орталығында ұстаздық қызметін адал атқарып келе жатыр. Адамның бойында қандай да бір жақсы қасиет болса, ең алдымен ата-анадан, содан соң жақсы ұстаздан дариды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ұлағатты ұстаз Сейсекүл Молдабекқызының еліміздің білім беру саласына, саналы да талантты шәкірттер тәрбиелеудегі еңбегі ересен. Осындай ұстаздар барда болашағымыздың жарқын боларына сенім мол. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, қашанда ұстаздарды қадір тұтуымыз қажет,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Осылай деген Нарбай Әбілқасымұлы Сейсекүл Исматованы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттап, аудан жұртшылығының атынан сый-сияпат табыстады.
Келесі кезекте зейнеткер ұстаздар Алтынай Ниязбекова, Шәкіркүл Сүлейменқұлова, С.Исматованың шәкірттері Азамат Әбеев, Темір Әбдірашев, Мекемтас сынды шәкірттері сөйлеп, ізгі тілектерімен қоса алып келген сыйлықтарын тапсырды. Сонымен қатар, Ақсай ауылдық округінің әкімі Қазыбек Бейсеқұлов, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің директоры Нарбек Қожагелдин тілегін білдірсе, С.Исматованың шәкірттері, мектеп оқушылары арнау өлеңдерден шашу шашты.
Кеш соңында ұлағатты ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Сейсекүл Молдабекқызы да сый-құрмет көрсеткендері үшін аудан басшылығына, жуалылық жерлестеріне перзенттік тілегін арнады. Кездесу кешті Мыңбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Мұратаева қорытындылап, мектеп оқушылары ұлағатты ұстазбен кездесуден рухани тұрғыдан мол бағыт-бағдар алғанын жеткізді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»