Basty bet
Талай әкімнің қолынан келмегенді Ергебеков іске асырды
бірнеше жылдан бері сағызша созылып келген «базар жырына» нүкте қойылды
Аудандық орталық базардың төңірегінде қалыптасқан сүреңсіз жағдай туралы жергілікті халық арасында бұған дейін аз айтылған жоқ. Аудандық газет беттерінде де бұл проблема дәміл-дәміл көтеріліп келді.
«Жабайы» сауда қатарлары, көлік кептелісі …
Алдымен сол маңнан бой көтерген «Айдана» сауда орталығының айнала-төңірегін, көшенің қос қапталын, сәл әріректегі Базар көшесінің қиылысын, «Сарыағаш» орталық базары мен «Тянь-Шань» дүкенінің алдын «жабайы» сауда қатарлары жаулап алды. Мұнда киім-кешек, шаруашылық заттары, нан-тоқаш өнімдері, сүт және сүт өнімдері, жеміс-жидектер мен көкөніс ашық сөрелерден сатылып жатты. Ол аздай, ауыл ішінде, Тараз қаласына қатынайтын қоғамдық көліктер мен жекеменшік таксилер де базардың маңын сағалап, сеңдей сапырылысқан көлік-адам нөпірін тіптен көбейтіп жіберді.
Осылайша, бірер жылдың ішінде көше жолдарының жүріс бөлігі тарылып, тұрғындар үшін қолайсыз жағдай қалыптасты. Соның салдарынан мұнда демалыс күндерін былай қойғанда, жай күндердің өзінде адам аяқ алып жүргісіз халге жетті.
Көпшіліктің орынды ренішін туғызған бұл мәселені шешуге тырысқан билік органдарының әрекетінен күткендей нәтиже шықпады. Проблеманы әне шешеміз, міне шешеміз деп жүргенде, арада бірнеше жылдың жүзі өтті. «Жырлай-жырлай Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей, бұл үлкен жиындарда жиі көтерілетін көнекөз тақырыпқа айналды …
Базар маңы абаттандырылады
Аудан басшылығы базар маңында қалыптасқан түйткілді шешуге енді шындап кіріскен сыңайлы. Осындағы күн сайынғы, сәт сайынғы жаңалықтар мен өзгерістер соған меңзейді. Бүгінде ретсіз шұбаған стихиялық сауда қатарлары бөлшектеліп, алынып, басқа жаққа көшірілді. Көшелердің бойлары кеңейіп, жүргіншілер мен көліктер еш кедергісіз өтетін шамаға жетті. Тәртіп сақшылары бұрынғы босаған жерде қайтадан заңсыз сауда қатарлары пайда болмауы үшін жағдайды жіті бақылауға алды.
Әрине, үйренген жылы орнын қай саудагер бірден босатып бергісі келеді? Дегенмен олардың әрқайсысымен жеке әңгімелесуге тура келді. Оларға жақын жерде ашылған екі базардың қалаған жерінен сауда орындары ұсынылды. Оған қоса өзгерістер орнығып, жағдай қалыпқа келгенге дейін жеңілдіктер беріледі. Жергілікті бюджет те осы өзгерістердің салдарынан біраз уақыт түсімнен қағылады. Есеп бойынша, бұл базарларға 100-ден астам кәсіпкер жайластырылады.
«Тянь-Шань» дүкені ендігі жерде жабық сауда орталығына айналып, мұнда ет, сүт, көкөніс өнімдері саудаланбақ. Дүкен иесі тез арада іске кірісіп кетті. «Айдана» сауда орталығының айналасындағы және «Сарыағаш» базарының алдындағы сауда қатарлары сүріледі. Облыстық жер инспекциясының арнайы хатына сәйкес олардың иелеріне заңсыз сауда қатарларын алып тастау туралы ескерту берілген. Одан бөлек, автобекет маңынан да екі сауда орталығын ашуға ниет білдірген кәсіпкерлер бар.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков, орынбасары Асхат Жабағы, ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов осы арадан жиі табылып, өзгерістердің барысын көзбен көріп жүрді. Жұмыс тобы саудагерлермен ұзақ уақытқа созылған түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өзгерістің қажет екеніне бәрінің көзін жеткізіп, сендіру оңай болмады. Тіптен, кейбір саудагерлер тарапынан қысымға, қыспақ пен қарсылыққа тап келгенімен амалсыздан көнуге, шыдауға тура келді. Ақырында олар әкімдік ұсынған шарттармен келісіп, алдын ала дайындалған сауда орындарына жайғасып, саудаларын жасауға кірісті.
Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Хайралапов аудан бюджетінен 9,0 миллион теңге бөлініп, биылдың өзінде базар маңын абаттандыруға кірісетінін жеткізді. Атап айтқанда, сауда қатарларынан босаған көшелердің екі жиегіне суағар науалар орнатылып, жолдары тегістеліп, асфальтталатын болады. Жарықтандыру шамдары қондырылады. «Айдана» сауда орталығының алдындағы үлкен бетон жиектастар алынып, жолдардың қауіпті бұрылыстарына қойылады.
Автобекет ит арқасы қиянда емес
Ауылдың солтүстік-батысында орналасқан Жібек жолы көшесі республикалық мәндегі жол мәртебесінен айырылғаннан кейін автобекеттің басынан бақ тайды. Жолаушылар автобекетті алыссынды ма, әлде жүргізушілердің қаңырап қалған автобекеттен табан аударғысы келді ме, әйтеуір, ауданнан Тараз, Шымкент, Алматы қалааралық бағыттарына қатынайтын қоғамдық көліктер, кейіннен жекеменшік таксилер бұл маңнан қара үзіп, адам көп шоғырланатын базарды сағалайтын болды.
– Базар маңындағы көлік қозғалысын ретке келтіру үшін қалааралық жолаушылар көлігінің жөнелу және келу орны болып автобекет белгіленді. Жолаушыларға жайлы қызмет көрсету үшін автобекет жөнделіп, жылытылатын болады. Ал ауылдарға қатынайтын көліктер әзірге ескіше базар маңынан қозғалады. Уақыт келе олардың барлығы осы автобекетке шоғырланатын болады. Ал ауыл ішінде жүретін жолаушылар көлігінің сызбасы әзірленіп бекітілді.
Ауыл әкімдігі дайындаған арнайы сызбаға сай аудан орталығындағы жолаушылар көлігі үш бағытта жүретін болады. Бұрын жолаушылар көлігі аяқ баспаған аудан орталығының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Жанқожа батыр, Ғани Мұратбаев, Шоқан Уәлиханов, Ақжол көшелері де қамтылмақ. Бұл жаңадан салынып жатқан «Көктөбе» тұрғын алабының болашақ тұрғындары үшін қажет, – дейді ауыл әкімі.
Спорт кешені, халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық сот, аудан прокуратурасы секілді заманауи ғимараттардың ашылуымен автобекет маңындағы тіршілікке жан бітіп, халықтың жиі келетін орнына айналғаны белгілі. Енді осы арадан кәсіпкерлер көтерме сауда орнын ашса, тұрғындардың қарасы тағы да молая түсері сөзсіз.
– Біздің алдымызда тұрған тағы бір міндет аурухана аймағындағы жаңа тұрғын алапқа халықты тарту болып отыр, – деп жалғастырады сөзін Көбейсін Хайралапов, – Осы мақсатта келешекте Жібек жолы көшесімен автобекеттен шыққан жолаушылар көлігінің бір бағытын темір жол арқылы өтетін аспалы көпірден өткізіп, осы аймаққа жеткізу қажет. Сонда ауылдың барлық аймақтары бірдей аяқ жететін болады.
Автобекет соншалықты ит арқасы қиянда емес, бұл бағытта сәт сайын қатынайтын жолаушылар көлігімен жүргенде ол тіптен жақындай түседі. Тәуліктің қараңғы мезгілінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін автобекетке баратын жолдың бәріне жарықтандыру шамдары қондырылады.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»