Basty bet
Батыр рухына тағзым ету – басты борышымыз
«Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы алдын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып,
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн» деп дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, аты аңызға айналған даңқты қолбасшы, қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы, Кеңес Одағының Батыры, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының ерлік даңқы таусылмайтын шежіре. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран. Бауыржан Момышұлы көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған адам. Батыр Баукең ерлігімен, сөзімен, даналығымен, болашақты болжайтын кемеңгерлігімен еліміздің есінде мәңгілік сақталар халқымыздың ұлы тұлғасы.
24 желтоқсан – Бауыржан Момышұлының туған күні. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша биылғы жылы да Батырдың туғанына 109 жыл толуына орай даңқты қолбасшының есімін иеленген аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өткізілді. Оған аудан басшылығы, бірқатар еңбек ұжымдары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, ескерткішке гүл дестелерін қойып, Батыр рухына тағзым етті.
Бір минут үнсіздіктен кейін сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды қазақ халқының біртуар Батыр ұлы, жерлесіміз, қаһарман қолбасшы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 109 жыл толуымен құттықтаймын!
Халқымыздың тарихында ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған батырлар аз болған жоқ. Солардың ішінде Бауыржан Момышұлының орны мен атақ-даңқы айрықша, тұғыры да биік. Себебі, Баукең қатысқан Ұлы Отан соғысы адамзат тарихында әлемнің 70-тен астам елі қатысқан алапат соғыс болып қалды. Бұл соғыс тарих сахнасына жаңа тұрпаттағы қолбасшыларды шығарды. Міне, осы кезде қазақтың құрыштай берік ұланы қайтпас қайсарлық пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Сол кездің өзінде-ақ батырдың есімі құрлықтың алтыдан бірін қамтыған алып империяның шекарасынан асып, дүниежүзін шарлап кетті. Орыс халқының қабырғалы қаламгерлері, даңқты қолбасшы-генералдары Бауыржан Момышұлының ерлігі, соғыс тактикасы туралы тамсана жазды.
Даңқты Баукең көзі тірісінде Кеңес Одағының Батыры атағының «Алтын жұлдызын» кеудесіне жарқырата таға алмай дүниеден өтті. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» деген. Бәріне уақыт таразы. Уақыт өте келе қалың елдің тілегі қабыл болып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен Батырдың 80 жылдық мерейтойында, дәлірек айтқанда, 1990 жылдың 12 желтоқсанында қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қадірлі жиналған қауым. Соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткен жерлестеріміз ұлықталып, арамызда жүрген ардагерлерге лайықты құрмет жасалуда. Ел іргесінің бүтін болуы үшін тарихқа тағзым ету – асыл парызымыз. Бауыржан Момышұлы өшпес ерлігімен, азаматтық дара қалпымен, ұлтжандылығымен халқымыздың мақтанышына айналған ұлы тұлға. Келер жылы еліміз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын, Бауыржан Момышұлының 110 жылдығын атап өтпек. Осы орайда халық Батыры Баукеңнің есімі ерліктің символы ретінде халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – деді Нарбай Әбілқасымұлы.
* * *
Жылдағы қалыптасқан игі дәстүрге сай осы күні Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері, ауылдық округтегі Мыңбұлақ және Диқан орта мектептері мен мектепке дейінгі тәрбие ошақтарының еңбек ұжымдары, ауыл жұртшылығы кезекпен келіп, Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің алдында орналасқан Батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойды.
Қайрат ауылының имамы Сауранбек Сарыпбеков Отан қорғау ісінде ерлікпен қаза тапқан және еліміздің Тәуелсіздігі жолында шейіт болғандар боздақтар мен Батыр Баукеңнің рухына арнап, Құран бағыштады.
Ауылдық округ әкімі Қазыбек Бейсеқұлов пен ауылдың қадірменді ақсақалдары Әбілқасым қажы Ергебеков пен Аманжол қажы Дүрәліұлы жиылған жұртшылықты мерейлі оқиғамен құттықтай келе, ғасырда бір дүниеге келетін қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметі жас ұрпақтың еліктеуіне лайық екенін атап көрсетті.
Шара әрі қарай Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі алдында жалғасып, жиналғандар аудан орталығындағы №15 мектеп-лицейдің 4 «б» және 6 «в» сыныптары оқушыларынан құралған «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының «Ақниет» тобы ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»