Basty bet
Әлемдік әдебиет айдынындағы – 10 жыл!
Әлем Халықтары Жазушылары одағының құрылғанына 10 жыл толуына орай Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылған мерейтойлық басқосуға әлемнің 94 елімен шығармашылық байланыс орнатқан, құрамында 500-ге тарта мүшесі бар ӘХЖО-ның негізін қалаған тұңғыш президенті, қазақ ақын-жазушыларына әлем есігін ашқан Қайрат Дүйсен-Парманды еске алуға арналған іс-шараға Түркия, Қырғызстан Республикалары және Ресейден бір топ қаламгер қатысты.
Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебаевтың жүргізуімен өткен әсерлі басқосуды Әлем халықтары жазушылар одағының (ӘХЖО) президенті, ақын Гүлхан Айтақынқызы құттықтау сөзбен ашып, одақтың 10 жыл көлемінде жеткен жетістіктеріне қысқаша тоқталды.
ӘХЖО президентінің орынбасары Тұңғышбай Төрегелдиевтің баяндамасы, ӘХЖО мүшесі, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ақын, жазушы Дүйсебаев Сәбит Райысұлының «Өлең әліппесі» баяндамасы, ӘХЖО мүшесі, ақын, жазушы, журналист, сыншы Әкежан Болат Құрманғажыұлының проза жайында баяндамасы тыңдалып, сондай-ақ, Қырғызстан Республикасы, «Рух-Бейне» Халықаралық академиясының президенті, ақын, Қайыргүл Жолдошбекқызы соңғы жылда жеткен жетістіктерге шолу жасады.
Өзбекстан Жазушылар одағының бөлім меңгерушісі, ақын Фарогат Худойкулова және Тәжікстан Республикасының өкілі Абдукаххор Косимов тәжік ақыны, аудармашы, редактор. Еуразия халықтары Ассамблеясы әдеби кеңесінің тең төрағасы, бейбітшілік пен бостандық үшін Дүниежүзілік ақындар одағының (UMPPL) үйлестірушісінің құттықтауын бейнеролик арқылы жолдады.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш шығармашылыққа қатысты пікірімен қоса, игі тілегін жеткізді.
ӘХЖО-ның құрылуына қатысты Болат Шарахымбайдың «Қазақстан дәуірі» газетіне берген мақаласынан дайындалған бейнесюжетті көпшілік ықыласпен тыңдады.
Түркияның Измир қаласынан келген қонақ, ақын-жазушы, халықаралық антологияның редакторы, Дүниежүзілік Жазушылар одағының мүшесі, UNENDING QUEST журналының бас редакторы Ахмет Курт мырза «Қайран Қайрат – қаламдас бауырым» атты арнауын оқып көңілдерді толқытса, қырғызстандық қаламгерлер атынан «Рух-Бейне» шығармашылық академиясының президенті Қайыргүл Жолдошбекқызы тың ізденістерге жол ашқан одақ келешегіне үлкен табыстар тіледі. Айтса айтқандай, ӘХЖО қаламгерлері шығармашылығын қамтыған 2-томдық антология рухани қорға қосылған айтулы еңбек болса, одақ мүшелерінің жаңа кітаптары жарық көрген сайын салтанатты тұсаукесер және поэзия кештерін ұйымдастыру жүйелі жолға қойылған.
Басқосу барысында Қайрат Дүйсен-Парманның «СЕРПІН-IMPULSE» екі бөлімнен тұратын өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай өткізілген «Шәкәрім әлемі» атты республикалық фестиваль қатысушыларының шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
Ахмет Курттың құрастыруымен Стамбулда шыққан АНАДОЛЫ ЖЕЛІ-VI- Халықаралық әңгімелер мен өлеңдер антологиясы (ANADOLU RÜZGARI -VI- Uluslararası Öykü ve Şiir Antolojisi) сериясындағы Халықаралық әңгіме және поэзия антологиясының (international story and poetry anthology) тұсауы да осы кеште кесілді. Сонымен қатар, Мақсұтқан Дәлейұлы, Ажар Сламова, Нұржан Дәулеткелдіұлы және Жеңіскүл Ілгербаеваның жыр жинақтарының тұсаукесері рәсімі болды. ӘХЖО мүшесі, ақын-сазгер, 250-ден астам әннің авторы Әлібек Тойлыбай «Үздік сазгер» марапатын иеленді.
Сондай-ақ, ӘХЖО мүшелері халықаралық Қайрат Дүйсен-Парман атындағы медальмен, сондай-ақ, халықаралық Мағжан Жұмабаев атындағы, Әлем Халықтары Жазушылары одағының Бас марапаты «Алтын қауырсын» және одақтың «Құрмет иесі», «Серпін» медальдарымен марапатталды.
Іс-шараға қатысқан ақын-жазушыларға ӘХЖО-ның құрылғанына 10 жыл және оның негізін қалаған Қайрат Дүйсен-Парманды еске алу кешіне орай арнайы куәлік пен төсбелгі табысталды.
Айта кету керек, Ұлттық кітапханада мерейтойлық іс-шараға орай баннер жасалып, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар бағдарламаға сәйкес, іс-шарадан кейін Алматы қаласындағы Абай Құнанбайұлы ескерткішінің алдына барып естелік фотосуретке түсіп, ару қаланың көрікті орындарын аралауға мүмкіндік алды.
Майра Жағыпарова,
Әлем халықтары жазушылары
одағының мүшесі,
ӘХЖО-ның Алматы қаласы бойынша
аймақ басшысы