Basty bet

Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, шешім қабылданды

Аудан әкімдігінің үлкен залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелерімен қатар аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің өкілдері, сала мамандары қатысты.
Күн тәртібінде негізгі алты мәселе қаралды. Атап айтқанда, аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі, жолаушылар тасымалы тарифтері, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшеріне өзгерістер енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының тоқсандық есебі, сондай-ақ, сәулет және құрылыс саласында атқарылған жұмыстар қамтылды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының м.а Гүлшат Наурызова баяндама жасады. Ол аз қамтылған азаматтарға берілетін тұрғын үй көмегінің мөлшері мен тәртібін түсіндіріп, әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға, өзге мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне жылына бір рет 45 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетілетіні айтылды. Талқылау қорытындысында аталған жоба кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.
Екінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев баяндама жасап, 2025 жылы және 2026 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, ауданда тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту және инженерлік желілерді жаңғырту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Кеңес мүшелері тарапынан жаңа салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы, балалар ойын алаңының талапқа сәйкестігі және су арналарына қатысты сұрақтар көтерілді. Бөлім басшысы анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге тиісті талаптар қойылғанын және олардың орындалуы бақылауда екенін жеткізді. Сонымен қатар, алдағы уақытта қосымша тұрғын үйлер салу және балалар ойын алаңдарын абаттандыру жұмыстары жоспарланып отырғанын атап өтті.
Талқылау нәтижесінде аталған саладағы жұмыстарға оң баға беріліп, оған кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді.
Ал, күн тәртібіндегі қалған төрт мәселе бойынша жауапты бөлім басшысының отырысқа қатыса алмауына байланысты бұл мәселелер кейінге қалдырылды. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты қолдап, аталған тақырыптарды келесі отырыста қарау туралы шешім қабылдады.
Аудандық
қоғамдық кеңес

Таңдаулы материалдар

Close