Basty bet
Екі ауылда ақпараттық орталық ашылды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Аталған бағдарламаға сай атқарылып жатқан жұмыстар біздің ауданда да бар.
Биылғы жылы ауданда «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы аясында барлығы 12 ауылда цифрландырылған ақпараттық орталықтар заманауи талаптарға сай жабдықталып, пайдалануға берілді. Жаңа жылдың қарсаңында Қошқарата және Кәріқорған ауылдық кітапханаларында цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ресми ашылуы болды. Қошқарата ауылындағы ақпараттық
орталықтың ашылуына округ әкімі Жәнібек Мырзалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев қатысып, сөз сөйледі. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Қанаева ауыл тұрғындарын орталықтың жұмысымен кеңінен таныстырды.
Ал Кәріқорған ауылдық кітапханасынан жабдықталған цифрландырылған ақпараттық орталықтың ашылу рәсіміне аудан әкімі Нарбай Ергебеков қатысты. Сонымен бірге, қуанышқа қадірменді қариялар мен ақ жаулықты әжелер, ауыл тұрғындары да көптеп жиналды.
Алғашқы сөз аудан басшысына берілді.
– «Кітап – білім бұлағы, білім өмір шырағы» дейді дана халқымыз. Негізінде, бар білімнің бастауы – кітапта. Алайда қазіргі заманның талабы мүлдем басқаша. Жаңа технологиялардың өмірімізге көптеп енгізілуіне байланысты қазіргі жастар кітап оқудан қалып барады. Осындай олқылықтардың орнын толтыру әрі тұрғындарды кітапханаға көптеп тарту мақсатында ауыл кітапханаларынан цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда. Заман талабына сай жасақталған мұндай орталықтардың ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен жаңалық болып отыр. Бір жағынан, бұл үрдіс ақпарат алмасуға үлкен мүмкіндік болса, екінші жағынан уақыт пен қаражатты үнемдейді. Мұнда электрондық үкімет порталы арқылы қызметтер алуға болады. Қуаныштарыңыз құтты болсын,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Орталықтың ашылуында орталықтың лентасын аудан әкімі Нарбай Ергебеков және ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев, Тасбастау ауылының қадірлі қариясы Шаймерден Шәрденов салтанатты жағдайда қиды.
Қошқарата және Кәріқорған ауылдық кітапханаларынан жабдықталған цифрландырылған ақпараттық орталықтардың жабдықталауына аудан қазынасынан 2 миллионға жуық қаражат қарастырылған. Алдағы уақытта орталықта ауыл тұрғындарына «e-gov» электронды үкімет порталы арқылы 18 қызмет түрі көрсетілетін болады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»