Basty bet

Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы!

ал кітапханашы – мәртебелі мамандық, биік ақыл-парасаттың иелері

23 сәуір – руханияттың алтын діңгегі болған кітап пен білімнің қадірін арттыратын ерекше күн. Бұл күн – кітапқа жанашыр жандардың, білім мен мәдениеттің сақтаушылары – кітапханашылардың кәсіби мерекесі. Сонымен қатар, бұл – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, кітапқа деген сүйіспеншілікті дәріптейтін айтулы мереке – Ұлттық кітап күні.
Тақырыпқа қосымша айта кетсек, Қазақстан Республикасында Кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне биыл елеулі өзгеріс енгізіліп, кітапханашылардың кәсіби мерекесі 23 сәуірге белгіленді. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен тұспа-тұс келуімен ерекшеленіп отырғанын да айта кеткен жөн.
Мерекелердің бір күнге тоғысуы оның маңызын арттыра түсіп, кітапханалардың қоғамдағы рөлін, яғни білім тарату мен мәдени мұраны сақтау ісіндегі орнын айқындайды. Аталған өзгеріс кітап мәдениетінің қоғамдық және кәсіби маңызын ұштастырып қана қоймай, мазмұнды іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Салада 20 мыңнан астам маман еңбек етеді. Айта кетейік, бұл күн ЮНЕСКО ұйымы бекіткен Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен де сәйкес келеді.
Кітапхана – дүниеде ештеңемен теңестірілмейтін білім бұлағының қайнар көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Иә, кітап – адамзаттың ең ұлы жетістіктерінің бірі. Ол – ақыл мен парасаттың, ой мен қиялдың, тарих пен тағдырдың айнасы. Кітап арқылы біз өткенді танып, бүгінгі күнімізді бағалап, болашағымызды бағдарлаймыз. Осындай асыл қазынаны көздің қарашығындай сақтап, оны әрбір оқырманға жеткізіп келе жатқан кітапханашылардың еңбегі өлшеусіз десек, артық айтқандық емес…
Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мәліметінше, аталған мекемеге қарасты – 1 аудандық орталық кітапхана, 1 ауылдық балалар кітапханасы, 23 ауылдық кітапхана жергілікті оқырманға қызмет көрсетеді. Оның ішінде, аудандық және ауылдық кітапхананың ғимараттарынан цифрландырылған ақпараттық және «Коворкинг» орталықтары ашылған.
– Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде жалпы саны – 304 589 дана кітап қоры бар болса, оның ішінде, 175 550 данасы мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің тізімінде. Жалпы жылына оқырман саны – 24 814, кітап берілімі – 360 848, мемлекеттік тілдегі кітап берілімі – 292 265, келім саны – 162 712, өткізілген іс-шаралар саны – 1 325, ал РАБИС бағдарламасына енгізілген дерекқорлар саны – 310 026-ны құрап отыр. 21 кітапханада ашылған цифрландырылған ақпараттық орталықтан «е.gov.kz» порталы арқылы – 51 750 дана анықтама өңір тұрғындарына берілді.
Жас ұрпаққа ілім-білімнің кітап арқылы ғана берілетінін терең ұғындыру, олардың ой-өрісін дамытып, шығармашылық қабілетін арттыру, ең бастысы – Отансүйгіштік пен биік адамгершілікке тәрбиелеу, сонымен қатар, оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында қазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафон» және «Табиғат аясындағы оқу залы» жобаларының аясында бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілуде. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ақын, жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Өлең сөздің даңғылы – бар қазақтың Жамбылы!» атты әдеби кеш, Ұлы даланың ұлы ұстазы, ағартушы, педагог, жазушы, Ыбырай Алтынсаринның туғанына 185 жыл толуына орай «Кел, балалар, оқылық!» тақырыбында жыр сағаты, Алаш арыстарының көрнекті өкілі Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай «Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханов!» атты портрет кеші, қазақ поэзиясының мұзбалағы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали!» тақырыбындағы поэзия кештері және тағы басқа мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілу үстінде.
Кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, адамзат өмірінің асыл құндылығындай болған кітаптың мәртебесін көтеру, жастарға кітап оқуды насихаттау мақсатында «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы да жүзеге асырылып келеді.
«Бір ел – бір кітап!» республикалық акциясының аясында көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовтің терең мағыналы «Тағдыр» романы ел болып оқуға таңдалып алынды. Осыған орай «Тағдырлы тарих – тағылымды кітап!» тақырыбында әдеби кеш, сонымен қатар, «Қиын кезең шындығы» әдеби портреттері өткізілді.
Жергілікті ақын-жазушылардың авторлық келісім-шарт арқылы 102 кітабы электрондық нұсқаға енгізіліп, оны кітапхана оқырмандары http://lib.zhualy.zhambyl.kz. сайты арқылы смартфонға жүктеп алып оқуларына болады,- дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары, саланың білікті маманы Айжан Жұманова.
Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы айтар әңгімені бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. Былайғы жұртшылық көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін өз ісіне жан-тәнімен беріліп, аянбай қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі орасан. Қасиетті өңірдің кітапхана ісінде ұзақ жылдан бері жемісті қызмет атқарып келе жатқан кітапханашылардан – мекеменің басшысы Қ.Асылбеков, К.Таубалдиева, А.Жұманова, Ж.Сейдалиева, Ш.Каниева, Н.Сиркебаева, С.Оразходжаева, Р.Нұрлыбаева, А,Солтыбай, А.Абделиева, А.Жанабаева, К.Айтбаева, Г.Жанысбекова, А.Мелдеханова. М.Баққараева, Ж.Мирсейтова, Г.Егеубаева және М.Бақтиярованың есімін атап өтсек болады.
«Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп деп білемін. Ал кітап-ханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» деп белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев жазып қалдырғандай, инабатты да білікті, еңбекқор да табиғатынан зиялы, кез келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың ел игілігі жолындағы ерен істері қоғам дамуына қай кезде де қажет. Ендеше, білім бұлағының қайнар көзі – кітапхананың мөлдір бастауы сарқылмай, сала қызметкерлерінің еңбегі еленіп, жұмысының алға басуына біз де әрдайым тілек қосамыз!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close