Basty bet

Отанды қорғау – абыройлы міндет

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы – Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары болған маңызды оқиғалардың бірі. 1992 жылы құрылған еліміздің Қарулы Күштері әр жылдары уақыт талабына сай қарқынды дамып, өз әлеуетін артыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның ең алғаш қолға алған маңызды шаруасының бірі ел шекарасын шегендеу болатын. Өйткені, еліміздің ұлан-ғайыр даласы барда, оның асты мен үстіндегі телегей-теңіз табиғи байлығы кім-кімнің де болсын, «көзқұртына» айналары даусыз. Сондықтан, Отанның шекарасын бекемдеу ісі уақыт күттірмейтін шаруа еді. Қазір Отанымыздың жел жағына қалқан болар Қарулы Күштеріміз бар.

Жалпы, Қазақстанның Тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісі 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтары шыққаннан кейін жедел басталып кетті. Бүгінде еліміздің қорғаныс саласы аяғынан нық нұрған іргелі құрылымға айналып отыр.
Еліміздің айбыны, халқымыздың қорғаны болып табылатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл – 34 жыл толып отыр. Осынау уақыттың аралығында еліміздің қарулы күштері барлық жағынан күшейіп, біліктілігі нығайды деуге болады.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1992 жылы 7 мамырда Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен әскеріміз құрылды. Міне, содан бері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып белгіленді. Жыл сайын бұл күнді ерекше атап өтіп, рухтанып, елдің қорғаушылары бар екенін сезіне түсетін болдық. Ең бастысы, ел Тәуелсіздігін, аймақтың тұтастығын, мемлекеттің маңызды мүдделерін қамтамасыз етіп, оны қорғау жолында Қарулы Күштердің аса маңыздылығын мойындауға тиіспіз.
Атап өтер жайт, Кеңес Одағынан бөліне сала еліміздің әскери жүйесін өз мүддемізге сай бұру оңай болмады. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аталған жүйе күрделі өзгерістерден өткені анық. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұл бағыттағы жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Осылайша, ел Қарулы Күштерінің алғашқы заңдық құжаты пайда болып, 1992 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы қорғанысын ұйымдастыратын негіздемені белгілейтін, мемлекеттік билік пен басқарушы органдарға өкілеттілік беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Бүгінгі күні ел әскерінің құрылымын жетілдіру, оларды заманауи сапалы қару-жарақ пен әскери техниканың талапқа сай үлгілерімен қамтамасыз ету, әскердің ұдайы жауынгерлік әзірлігін қолдау, қорғаныс базасын дамыту саланың басты мақсаттарының біріне айналып отыр. Осы мақсатта бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, әскери өмірді таңдаған кадрларға қолайлы жағдай туғызу, жалақысын көтеріп, ынталандыру, оларды әлеуметтік қолдау, баспанамен қамту жұмыстары да қолға алынған. Осы орайда әскери кадрларымыз сапалық тұрғыдан жақсарып қана қоймай, санының да артып келе жатқаны, әскери өмірді қалаған сарбаздар қатарының артуы көңіл қуантады.
Бейбіт өмірде де, ел басына қауіп-қатер төнген қиын сәтте де Отанын қорғауға даяр тұратын сарбаздар дайындау, жалпы әскери патриоттық тәрбие көбінде орта білім беретін мектептерде берілетіні белгілі. Бұл мақсатта мектептердегі әскери патриоттық, Отаншылдық тәрбиені нығайту ерекше маңызға ие!
Әскери патриоттық тәрбиені нығайту, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен оны қорғауға деген ынтасын арттыру мақсатында қазір аудан мектептерінде «Жас сарбаз» патриоттық клубтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Смарт сарбаз» үйірмесі іске қосылған.
Отан үшін күрес – ерге тиген үлес. Отанды қорғау – абыройлы міндет. Бұл бағытта біз көбінесе Қарулы Күштердің сарбаздары мен сардарларына сенім артамыз. «Отан үшін отқа түскін, күймейсің!» деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының нақылы бар. Сондықтан қай кезеңде де елге қызмет ету, Отанды қорғау – абыройлы міндет болып қала береді…

Таңдаулы материалдар

Close