Basty bet

Адалдық – дұрыс жол

Жақында №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте “Ұрлық түбі – қорлық” тақырыбында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Тұралиева және АПБ-ның УПИ ҚҚБ, полиция капитаны Б.Әлменбетов қатысты.
Қоғамда тәртіп пен әділдікті сақтау – әрбір азаматтың басты міндеті. Адам бойындағы ең жаман қасиеттердің бірі – ұрлық. Қазақ халқы ертеден-ақ «Ұрлық түбі – қорлық» деп бекер айтпаған. Мұның астарында терең мағына жатыр. Яғни, біреудің ақысын жеу, адал еңбекпен емес, оңай жолмен пайда табуға ұмтылу түптің түбінде адамды абыройсыздыққа алып келеді.
Ұрлық – тек затты заңсыз алу ғана емес, ол – сенімге қиянат жасау, адамгершілік қағидаларын бұзу. Ұрлық жасаған адам тек заң алдында емес, ар-ұятының алдында да жауап береді. Мұндай әрекет қоғамда сенімсіздік туғызып, адамдар арасындағы сыйластықты әлсіретеді.
Жасөспірімдер арасында ұсақ құқықбұзушылықтардың алдын алу өте маңызды. Кейде жеңіл нәрсе сияқты көрінген әрекеттер үлкен қателікке айналуы мүмкін. Сондықтан балаға кішкентайынан адалдықты, еңбекқорлықты, жауапкершілікті үйрету қажет. Отбасы, мектеп және қоғам бірігіп, жастарға дұрыс тәрбие беруі тиіс.
Адал еңбек – адамды биікке жеткізетін ең дұрыс жол. Еңбекпен келген табыс қашанда берекелі болады. Ал ұрлықпен келген дүние ешқашан баянды болмайды. Ол адамды қорқынышқа, ұятқа, жазалауға алып келеді.
Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық, парақорлық сияқты келеңсіз жағдайлар да қоғамға үлкен зиян келтіруде. Бұлардың барлығы да ұрлықтың бір түрі. Сондықтан әрбір азамат әділдік пен адалдықты басты қағида етіп ұстануы керек.
Қорытындылай келе, ұрлық – қоғам дерті. Онымен күресу әр адамның саналы көзқарасынан басталады. Адалдық пен әділдік бар жерде ғана береке мен бірлік болады. Сондықтан әрқашан «Ұрлық түбі – қорлық» екенін есте сақтап, адал өмір сүруге ұмтылуымыз қажет!

Эльмира Пірімбекова,
Билікөл ауылдық округінің жастармен жұмыс
жөніндегі маманы

Таңдаулы материалдар

Close