Basty bet

Жас балуандар белдесті

Өткен аптада спорт кешенінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында және жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында маңызды спорттық шара өтті. Аталған жарыс «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бірлесіп ұйымдастыруымен тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналды.
Жарысқа 2012 жылы туған жасөспірімдер қатысып, өзара мықтылар анықталды. Жас балуандардың белсенділігі мен жеңіске деген жігері жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев пен спорт саласының ардагері Мақсұтбек Арзымбетов сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Олар ұлттық спорттың маңыздылығын атап өтіп, қазақ күресінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін жеткізді.
Жарысқа 14 ауылдық округтен келген 100-ге жуық жас балуан қатысты. Олар бес салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өз шеберліктерін көрсетті. Әр салмақта тартысты белдесулер өтіп, үздік спортшылар анықталды.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Жастар ресурстық орталығының және №14 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің Дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
Бұл спорттық шара жасөспірімдер арасында қазақ күресін насихаттап қана қоймай, олардың саламатты өмір салтын ұстануына, рухани және физикалық тұрғыдан дамуына үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, жас спортшыларды батылдыққа, төзімділікке және отансүйгіштікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болды.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close