Basty bet
Патриотизм мен адамгершіліктің көшбасшылары
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласында өткен Волонтерлер форумында еріктілердің қоғамдағы рөлінің маңыздылығы туралы: «Еріктілер – қоғамның жүрегі, қиын сәтте қол ұшын созатын сенімді серігі, рухани байлығы» деп атап өткені белгілі.
Бұл пікір Қазақстандағы еріктілердің қоғам дамуына қосып жүрген нақты үлесін айқын көрсетті. Шын мәнінде, әрбір ерікті күнделікті өмірде өзгелерге көмек көрсетіп қана қоймай, қоғамға сенім мен үміт сыйлап жүргені анық. Олар қарттарға, мүгедектерге, балалар мен жастарға қолдау көрсетіп, білім беру, мәдени іс‑шараларды ұйымдастыру, экологиялық акцияларға қатысу және әлеуметтік әділеттілікті насихаттау арқылы қоғамның барлық саласына зор ықпал етуде.
Қазіргі таңда қоғамда еріктілікпен айналысатын белсенді адамдар саны – 300 мың адамды құрайды. Ал, елімізде осы бағытта мыңдаған бастамашыл топ пен ұйым жұмыс жасауда. Олардың құрамында әртүрлі салада белсенді қызмет атқарып жүрген мыңдаған ерікті бар. Бұл көрсеткіштер елдегі еріктілер қозғалысының ауқымы кеңейіп, қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналғанын анық көрсетеді.
Мемлекет еріктілердің жұмысына заңдық және стратегиялық тұрғыдан да үлкен қолдау көрсетуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қызметін патриотизм мен адамгершіліктің нақты көрінісі деп жоғары бағалады. Сонымен қатар, 2026 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымында Халықаралық еріктілер жылы деп жарияды. Бұл жаңашыл бастамалар еріктілердің қоғам дамуына қосып жүрген үлесін кеңінен тануға, олардың тәжірибесін бүкіл әлемге көрсетуге, сондай-ақ еріктілік қызметтің маңыздылығын арттыруға бағытталды.
Жуалы ауданында да еріктілердің жұмысы кең ауқымда жүргізілуде. 2025 жылы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жанынан құрылған «QAMQOR» еріктілер клубына 110 жас ерікті тіркелген. Бұл еріктілер әртүрлі бағытта жұмыс атқарып, былтыр 525 іс‑шара ұйымдастырды. Оның ішінде, ерекше қабілетті балалармен жұмыс, медициналық көмек көрсету, білім беру саласы, экологиялық іс‑шаралар, зооволонтерлік, этноволонтерлік, көпшілік кеңістіктерді дамыту, өнер саласындағы еріктілік, төтенше жағдайлардағы көмек, спорттық іс‑шаралар, медиа және іс‑шара ұйымдастыру еріктілердің негізгі бағыттары саналады.
Сонымен қатар, еріктілер «Қазыналы қарттарымыз аман болсын!», «Ардагерлерді ардақтайық!» және «Мейірімділікті өзінен баста!» тақырыбындағы акцияларды жыл бойына ұйымдастырды. Ал, аз қамтылған және жағдайы төмен 10 отбасы мен сегіз мүмкіндігі шектеулі азамат азық‑түлікпен қамтамасыз етілді және 12 жалғызбасты қарияның үй шаруасына көмек көрсетілді. Бұл тәжірибе ауданда еріктілердің қоғам дамуына қосып жүрген нақты үлесін айқын көрсетеді.
Қоғамның дамуы мен бірлігін нығайтуда еріктілердің рөлі зор. Ал, еріктілердің еңбегін бағалау, олардың қызметін қолдау мен дамыту еліміздің рухани және әлеуметтік дамуына зор ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан, еріктілерді қоғамға үлкен үлес қосуға ынталандыру мен жан-жақты қолдау – бүгінгі күннің маңызды мәселесіне айналып отыр.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»