Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 2026 жылы ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» жобасы ұйымдастырылуда.
Осыған орай Нұрлыкент ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің мұзбалақ ақыны, ХХ ғасырдың көрнекті лирик ақыны, аудармашы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты әдеби-әуенді кеш өтті.
Кеш барысында №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары ақынның жырларын мәнерлеп оқып, көрермен көңілінен шықты. Атап айтқанда, М.Сағындық «Шыда», А.Нұрғали «Үш бақытым», Н.Қуандық «Сәби ана», С.Құдайберген «Шеше, сен бақыттысың», К.Даярбек «Поэзия», К.Жамал «Ғашықпын», Г.Рахматулла «Отан», С.Есен «Соғады жүрек» өлеңдерін нақышына келтіре орындады.
Сонымен қатар, Г.Бахытжанқызы, Ә.Сапарәлі, А.Сәулетбек, А.Өтесін, А.Жақып, М.Тұрдымұрат, А.Тәжібай, А.Дамирқызы, Н.Тілубай және А.Өмірәлі ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан сахналық көрініс қойып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
«Шабыт» балалар би үйірмесінің «Ақжелкен» би тобы «Болашақ бомба» биін, ал «Адай» тобы «Қырғыз» биін билеп, кештің сәнін келтірді. Аудандық мәдениет үйінің маманы Х.Жұпмағамбетова «Нұр жауып тұрған көктемде», Нұрлыкент ауылдық кітапханасының әдіскері Ф.Смайлова «Жолыққан қандай жақсы» әндерін орындаса, М.Тұрдымұрат, А.Сәулетбек және Ә.Сапарәлі «Бақыт деген» әнін әуелете шырқады.
Кітапханашы А.Бегалиева «Поэзия алыбы – Мұқағали» атты кітап көрмесіне шолу жасап, «Қазақтың мұзбалақ ақыны» ауызша журналын, «Мұқағали Мақатаев – мәңгілік ғұмыр» библиографиялық көрсеткішін, «Мұқағали Мақатаев – қазақ поэзиясының ақиығы» атты әдістемелік құралды және кітап инсталляциясын таныстырды.
Кеш соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітапхана директорының орынбасары А.Жұманова мен кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ш.Каниева іс-шараға қатысқан оқырмандарға алғыс білдіріп, белсенді қатысушыларды Алғысхаттармен марапаттады.
Аида ШӘКІР,
аудандық орталық кітапхананың қызметкері