Basty bet
Сыңғырла, соңғы қоңырау!
№1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда «Білімім – Отаныма!» тақырыбында мерекелік жиын ұйымдастырылды. Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Онғалбай Ибраев, ардагер ұстаз Валентина Письмак, аудандық білім бөлімінің әдіскері Индира Қазақбаева, ата-аналар комитетінің төрайымы Зейнеп Дәуренова, сондай-ақ, мектеп оқушылары мен мұғалімдері қатысты.
Аталған мектеп-гимназияны биыл 90 оқушы тамамдағалы отыр. Оның ішінде алты оқушы «Алтын белгіге» үміткер болса, 11 оқушы үздік аттестаттан үмітті. Түлектер арасында республикалық, облыстық және аудандық байқаулардың жеңімпаздары, қазақша күрес пен таэквондо федерациясының қызыл және қара белбеу иегерлері, республикалық дебат турнирлерінің жеңімпаздары, сондай-ақ, түрлі спорт түрлерінен жүлдегер атанған дарынды жастар бар.
Жиын 4-сынып оқушыларының ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқуымен басталды. Одан кейін Мемлекеттік Ту ортаға әкелініп, Мемлекеттік Әнұран шырқалды.
Алғашқы құттықтау сөз мектеп директоры Мұхамеджан Бейшеновке берілді.
Одан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңғалбай Ибраев және ардагер ұстаз Валентина Письмак мектеп оқушыларын мерекемен құттықтап, өздерінің ізгі тілектерін жеткізді.
Түлектер сынып жетекшілеріне гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, ұстаздары 11 жыл бойы білім беріп, бозбала мен бойжеткендер қатарына бет алған шәкірттеріне сәтті сапар тілеп, қимай қоштасатындарын тілге тиек етті. Сол секілді ата-аналар атынан сөз алған азаматтар да ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, қашанда алтын ұядағы білім мен тәрбие алдағы уақытта өз жемісін беретініне сендірді.
Шара барысында мектеп түлектері ұстаздарына жүрекжарды өлеңдерін арнап, әсем әндер орындады. Күміс қоңырауды 1 және 11 сыныптың оқушылары соғып, шаттықтың құшағында ұрпақтар сабақтастығының әдемі көрінісін жұрттың көз алдынан өткізді. Осы бір сәттегі ән әуезі қалықтап, ол қоштасу вальсіне ұласты.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”