Basty bet
Мейірімді маман, жанашыр жан
Аудандық орталық аурухананың №17 аймақтық мейірбикесі Шынар Қоқанбаева – өз ісіне адал, білікті әрі еңбекқор мамандардың бірі. Ол денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдан бері табысты еңбек етіп, тұрғындардың құрметі мен алғысына бөленіп келеді.
Шынар Алыбайқызы Қырғыз Республикасының Талас қаласында дүниеге келген. Талас өңіріндегі Таштөбе орта мектебін тамамдаған соң, 1998 жылы Арабаев атындағы педагогикалық университеттің биология-экология мамандығына оқуға түсіп, 2002 жылы оқу орнын үздік дипломмен бітіреді.
Алайда бала күнгі арманы ақ халат киіп, медицина саласында еңбек ету болғандықтан, ол Талас медициналық колледжіне «Жалпы мейіргер ісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Бұл оқу орнын да 2005 жылы үздік дипломмен аяқтайды. Сол жылы Жуалы ауданының Қайрат ауылына келін болып түседі.
– 2006 жылы аудандық орталық аурухананың зертханасына жұмысқа орналастым. 2007-2009 жылдары жұқпалы аурулар бөлімінде медбике болып қызмет атқарып, кейіннен аудандық аурухананың дәріханасында провизор болып 2011 жылға дейін жұмыс істедім. Қазіргі таңда №17 аймақтың балалар мейіргері болып еңбек етемін. Біздің аймақта 1 758 тұрғын тіркелген. Оның ішінде, 606-сы – 17 жасқа дейінгі балалар, ал 1 152-сі – ересектер. Аймақтың жалпы тәжірибелік дәрігері – Нұрбақыт Әбілқасым, ересектер мейіргері – Ғалия Байден. Күніне орта есеппен 40-50 науқасты қабылдаймыз, – дейді тәжірибелі маман.
Мейіргер мамандығы үлкен жауапкершілікті, төзімділік пен мейірімділікті талап етеді. Бұл қасиеттердің барлығы Шынар Қоқанбаеваның бойынан табылады. Ол күнделікті жұмысында әрбір науқасқа жанашырлықпен қарап, сапалы медициналық көмек көрсетуге бар күш-жігерін жұмсайды.
№17 аймақтың тұрғындары оны білікті маман ғана емес, адам жанын түсіне білетін қамқор жан ретінде де жақсы таниды. Әсіресе, балаларға ерекше ықыласпен қарап, олардың денсаулығына жіті көңіл бөледі. Шынар әріптестері арасында да сыйлы, ұжыммен тіл табыса білетін тәжірибелі қызметкер ретінде құрметке ие.
Шынар Алыбайқызы кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп, медицина саласындағы жаңашылдықтарды меңгеруге ерекше мән береді. Оның жауапкершілігі мен еңбекқорлығы жас мамандарға үлгі боларлықтай.
Ол тек тәжірибелі мейіргер ғана емес, бір әулеттің ибалы келіні, ардақты анасы, көпбалалы отбасының ұйытқысы.
«Адам денсаулығы – ең үлкен байлық» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған Шынар Қоқанбаеваның еңбегі зор құрметке лайық. Осындай мейірімді де білікті мамандардың арқасында медицина саласына деген халық сенімі артып келеді.
Ақ халаты абзал жанға алдағы уақытта да еңбегінің жемісін көріп, қызметінде толағай табыстарға жетуіне, отбасына амандық пен бақ-береке тілейміз!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»