Basty bet
Аудан аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен 2024 жылдың сәуір айында қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы жоспарлы іс-шаралар Қазақстанның барлық өңірінде жүйелі түрде жалғасып, аталған науқан жаңаша сипат алу үстінде. Аталған акцияның аясындағы жұмыстар жалпыхалықтық сипатқа ие болып отырғанын да аңғару қиын емес.
Президент: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы» деп атап өткені белгілі.
Бұл маңызды бастаманы іске асырудағы басты мақсат – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен қатар азаматтардың экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштік, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мен оған тұрақты қамқорлық мәселелеріне қоғамның тұрақты қатысуын арттыру екені түсінікті.
Өткен аптада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында Жуалы ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, аудан аумағында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілді. Экологиялық іс-шараның барысында аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы бірқатар көшелер, саябақтар, қоғамдық орындар мен демалыс аумақтары қоқыстан тазартылып, айнала абаттандырылды.
Тазалық жұмыстарына аудандағы мекеме қызметкерлері, белсенді жастар, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысып, туған өңірдің тазалығына ортақ жауапкершілік танытты. Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғап, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және жастардың бойына патриоттық құндылықтарды сіңіру.
Таза қоршаған орта – халық денсаулығы мен болашақ ұрпақтың жарқын өмірінің кепілі. Сондықтан, мұндай экологиялық бағыттағы іс-шаралар аудан тұрғындарының табиғатты аялауға деген көзқарасын нығайтып қана қоймай, туған елге деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні анық.
Жуалы жұртшылығы алдағы уақытта да туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне бағытталған ортақ іске жанашырлықпен үлес қосып, табиғатты қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра бермек…
Ақгауһар ҚҰРМАНБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің
веб-журналистика мамандығының 2-курс студенті