Basty bet
Ақын тойы – елдігіміздің мерекесі
«Абайды таныту арқылы біз
Қазақстанды әлемге танытамыз,
Қазақ халқын танытамыз.
Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс».
Нұрсұлтан Назарбаев,
Тұңғыш Президент-Елбасы
Иә, қазақтың ұлан-ғайыр ұлы даласы талай ұлы тұлғалар мен парасатты перзенттерді тудырған. Соның ішінде халқымыздың жазба әдебиетінің негізін салушы, қазақтың бас ақыны, ойшыл, артына «өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын өнеге» қалдырған ұлы тұлға – Абай Құнанбайұлының шоқтығы биік, жұлдызы жарық. Абай шын мәнінде қазақ поэзиясының өсіп, жаңа деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. Ақын өз кезегінде ұлтына, жас ұрпаққа терең мағыналы, көркем кестелі өлеңдер мен шығармалар қалдырды.
Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қарасөздері. Қарасөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қарасөздері тақырыбы жағынан бірнеше бағытты қамтыған әралуан дүние болып саналады. Абай өзінің қарасөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның ой тереңдігіне, логикалық мәніне баса мән берген. «Өлді деуге сыя ма ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деп жырлаған ұлы ақын Абайды қай қырынан алып қарасақ та, оның артына қалдырған мұрасы мәңгілік.
Қош, сонымен Қазақ елі 2020 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтпек. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырғанымыздай, Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті Шыңғыстау баурайында, сонымен қатар, ел өңірлерінде елдік деңгейде 500-ге жуық маңызды іс-шаралар өткізілмекші. Ұлы ойшылдың қазақтың қай сахарасына болсын аты мәшһүр, қалдырған мұрасы ортақ екенін ескерсек, Абайдың тойы – ел тойына айналуы керек-ақ. Той болғанда да жұртшылық тағылым алатын той болса игі.
Рас, тәуелсіздікке қол жеткелі, әсіресе данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО ауқымында әлемдік деңгейде атап өтуге байланысты Абай мұрасын әр тарапты жаңаша тану тұрғысынан да талпыныстар жасалып, көптеген еңбектер жазылды. Әйтсе де шексіз биік рухани мұра әлі де болса жаңаша көзқарас тұрғысынан барынша зерттеліп, ойшылдың данышпандық бейнесі толық ашыла қойған жоқ. Сондықтан Абайды бүкіл әлемге танытып, ақын мұрасының халқымыздың рухани байлығына айналуы жолында алдағы уақытта да қыруар жұмыстар атқарылуы қажет. Осы ретте, «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген ақын сөзі еріксіз ойға оралады.
Біз ұлы ақын Абайды тану арқылы халқымызды танимыз, елімізді әлемге танытамыз. Халықтық қасиеттерімізді таразылаймыз. Бұл ғалымдардан үлкен ізденіс пен зерделі зерттеулерді талап ететіні сөзсіз. Абайды толыққанды зерттеп, білу үшін Абайтану ғылымы енгізілгені бәрімізге белгілі. Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының сүбелі саласы саналады. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтың мақалаларынан басталды деуге болады. Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Онан асқан бұрынғы-соңғы қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деп Абайды аса жоғары бағалады. Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң көп ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік.
Уақыт ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абайдың рухани мол мұрасын жаңа көзқарас тұрғысынан жан-жақты, терең талдап, тану міндетін алға тартып отыр. Бұл – ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұрат болып жалғасып, ұласа берер қасиетті парыз, үлкен міндет. Қорыта айтқанда, Абайдың ұшан-теңіз мұрасы біздің рухани іліміміз бен баға жетпес байлығымыз. Сол себептен де биылғы жылы аталып өтілетін Абайдың 175 жылдық мерейтойы – елдігіміздің мерекесі.