Basty bet
Жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы қаралды
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту мауысымына дайындық барысы туралы арнайы штабтың отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге сәйкес аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров баяндама жасады.
– Өңірде 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Олардың көмегімен 1 646 көпқабатты тұрғын үй, 1 737 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі.
2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына 176 мүліктік нысанға жылу берілу жоспарланған. Оның ішінде, 140 нысан табиғи газбен, 36 нысан көмірмен жылытылады. Сонымен бірге, 73 білім беру мекемесі бар, ( 55 нысан газбен, 18 нысан көмірмен), 48 денсаулық сақтау нысаны (45 нысан газбен, 3 нысан көмірмен ), 48 мәдениет нысаны (33 нысан газбен, 15 нысан көмірмен), 7 спорт нысаны (барлығы табиғи газбен) бар.
Аудан бойынша 41 автономды қазандық бар. Оның ішінде, (30 мектеп, бес балабақша, бір денсаулық сақтау, бір спорт, бір орталық және екі көпқабатты тұрғын үйлердің қазандықтары) 34 қазандық табиғи газ арқылы, жеті қазандық тас көмір арқылы жылу береді.
Қатты отынды пайдаланатын нысандарға 2 267 тонна тас көмір түсіру жоспарланған. Оның ішінде, білім нысандарына 2085 тонна. Қазандық арқылы жылытылатын білім нысандарына – 1 560 тонна көмір «Жуалы-Су» мекемесінің тарапынан сатып алынатын болады.
Ал, жай пеш арқылы жылытылатын білім нысандарына 525 тонна (балабақшалар -205 т., мектептер -320 т.), білім бөлімі тарапынан сатып алынады. Денсаулық сақтау нысандарына – 21 тонна, мәдениет нысандарына – 161 тонна, мәдениет үйлері, аула клубтары – 140 тонна, кітапханалар – 21 тонна.
Аудан бойынша 49 елдімекен табиғи газбен толық қамтылған. Осыған байланысты тұрғындарға тас көмірге қажеттілік жоқ.
Жылыту маусымына дайындық барысы аясында қазандықтарға қажеттілігіне қарай ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу, денсаулық нысандарында дәнекерлеу, әктеу, сырлау жұмыстары кезең-кезеңімен атқаралатын болады. Билікөл дәрігерлік амбулаториясына жылу жүйесін (электр желісінен табиғи газға), Жылыбұлақ медициналық пунктінде (көмірден табиғи газға) ауыстыру жоспарлануда. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу конкурсына құжаттар әзірленуде.
№11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің ішкі жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары, №26 Жаңаталап орта мектебінің ішкі жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандарға ашық конкурс жарияланды,-деді баяндамашы.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев жылыту маусымында олқылыққа жол берілмеуі үшін тұрақты мониторинг жүргізуді талап етті.
Кеңес барысында жауапты бөлім басшылары, кәсіпорын өкілдері алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы хабарлама жасады.
– Жұмыстың сапасы мен нәтижесі қыс мезгілінде көрінеді. Сондықтан дайындық жұмыстары сапалы орындалуы тиіс,– деген Қайрат Жатқанбаев жұмысқа жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
